Fingramota.kz «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кредит беру кезінде тәуекелдерді азайту, қарыз алушылардың құқықтарын қорғау, қаржы нарығын және атқарушылық іс жүргізуді реттеуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының негізгі ережелері туралы түсініктеме беруді жалғастырады.
Өткен жарияланымда біз қарыз алушыларға қолда бар кредиттер бойынша қарыздарды көбейтпеуге немесе борышты төмендетуге, коллекторлық нарықта және банк омбудсманында қандай өзгерістер болғанын, сондай-ақ әскери қызметшілер үшін кредиттер бойынша төлемдерді кейінге қалдыру және жылыту маусымында жалғыз баспанасынан шығаруға тыйым салу жөніндегі шараларды қарастырдық.
Бүгін Fingramota.kz қаржылық алаяқтық саласындағы заңнамалық новеллалар жөнінде айтып береді. Жаңа заң клиентті биометриялық идетификаттаусыз онлайн қарыздар беруге тыйым салады. Егер де сіз алаяқтықтың құрбаны болсаңыз, бұдан былай ақпараттық және киберқауіпсіздікті сақтамағаны үшін банк немесе МҚҰ жауап беретін болады.
Бұл неден басталды?
Қаржылық алаяқтықтың күрт өсуі COVID-19 пандемиясы кезінде орын алды, бұл негізінен телефон мен интернеттегі алаяқтық болды. Сол уақытта барлық ірі сауда нүктелерінің жабылуына байланысты тауарлар мен қызметтерді онлайн-сайттарда сатып алу кеңінен қолданылды, бұл жағдайды алаяқтар белгілі маркетплейстердің клондық сайттарын құру арқылы өз пайдасына шешті.
Интернет желісінде карантиндік шектеулерге байланысты жылдам және кепілді әлеуметтік төлем алуға шақырған көптеген ақпараттар пайда болды. Бұл орайда шектеулер жөнінде толық ақпараттың болмауына және интернет-банкингті қолдана алмайтын азаматтарымыз алаяқтардың құрбандарына айналды. Соңғы екі жылда қаржылық алаяқтықтың өсуі жалған банктік қарыздар мен микрокредиттер ресімдеу, сондай-ақ азаматтардың шоттарынан, көбінесе олардың депозиттерінен қаражат алу арқылы кредиттеу саласында байқалады.
Не істелді?
2021 жылғы мамыр. Агенттік онлайн-микрокредиттер беру кезінде қарыз алушыларды идентфикаттау тәртібін белгіледі. Ендігі жерде онлайн-микрокредит беру кезінде микроқаржы ұйымы клиентті идентфикаттауды үш тәсілдің бірімен жүргізуге міндетті: электрондық цифрлық қолтаңба арқылы, Ұлттық Банктің Сәйкестендіру деректерімен алмасу орталығының сервисі арқылы қарыз алушыны биометриялық идентфикаттау арқылы не дербес деректерді және нақты уақыт режимінде қарыз алушының бейнесін екі факторлы тексеруді қолдану арқылы.
2022 жылғы қаңтар. МҚҰ-ға клиент көрсеткен абоненттік нөмірді ұялы байланыс операторының дерекқорымен салыстырып тексеру немесе клиенттің ЖСН-ін «электрондық үкімет» веб-порталындағы ұялы телефондар нөмірлерінің базасында салыстырып тексеруді жүзеге асыру міндеттелді. МҚҰ қарыз алушыны екі факторлы биометриялық идентификаттауды жүргізе бастады. Бұл жеке деректерге қол жеткізу және жеке басын растау үшін аутентификациялық деректердің – пароль + SMS-хабарлама екі факторы қолданылады дегенді білдіреді.
2023 жылғы шілде. Агенттік «Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығы» ЗТБ-мен және 18 банкпен бірлесіп Алаяқтыққа қарсы іс-қимыл және алаяқтық кредиттерді ресімдеу кезінде туындаған берешекті реттеу жөніндегі меморандумға қол қойды. Тараптар банктер қосымшаларының кибер - және ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, биометрияны міндетті тексеру және өтініш берушінің ұялы телефон нөмірін ұялы оператордың деректерімен, сондай-ақ қарыз ресімделетін тұлғаның нақты мобильдік нөмірімен салыстырып тексеру жөнінде уағдаласты.
Меморандумда сондай-ақ банктердің алаяқтық қарыздар бойынша күнтізбелік үш күн ішінде сыйақы есептеуін, талап-арыз жұмысын тоқтата тұруы, құқық қорғау органдары мен соттың шешімдері негізінде мұндай қарызды есептен шығару туралы талап жазылған.
2023 жылғы қазан. Үкімет байланыс, төлемдер мен ақша аударымдары және тұтынушылық онлайн кредиттеу саласындағы реттеуді қатаңдатуға бағытталған кредиттік алаяқтыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Жол картасын бекітті. Байланыс операторлары телефон нөмірлерін ауыстырудың алдын алу бойынша, сондай-ақ SIM карталарды беру/ауыстыру кезінде адамды тиісінше тексермегені, сондай-ақ тіркелмеген SIM карталарды пайдалану талаптарын орындамағаны үшін жауап беретін болады. Банктер мен МҚҰ-ға қашықтан қаржылық көрсетілетін қызметтер ұсыну үшін өз қосымшаларының ақпараттық қауіпсіздігіне қойылатын талаптар белгіленді. Клиент жүргізіліп жатқан операцияны қосымша растауы және онлайн режимде хабарлауға тиіс. Клиенттің құрылғысын қашықтан басқару анықталған жағдайда операция бұғатталады.
Жол картасында кредиттік бюроларға мүдделі қаржы ұйымдары мен олардың клиенттерін хабардар ете отырып, кредиттік алаяқтықты, өзге де заңсыз қызметті анықтаудың онлайн жүйесінің болуы бойынша талаптар белгіленді.
Азамат микрокредитті заңсыз ресімдеу туралы құқық қорғау органдарына жүгінген кезде МҚҰ жалған микрокредит бойынша сыйақы есептеуді тоқтата тұруға және клиент бойынша талап-арыз жұмысын тоқтатуға міндетті.
Ақша қаражаттарымен операцияларды жүзеге асыру сәтінде халықаралық алаяқтық жағдайларын анықтау үшін қосымшада клиенттің геолокациялық деректерінің жазбасы тіркелетін болады.
2024 жылғы ақпан. Азаматтардың кредит алудан ерікті түрде бас тарту құқығы заңнамалық түрде енгізілді. Бұл әрбір азамат 6 ай мерзімге банктер мен микроқаржы ұйымдарында жаңа кредиттер алуға тыйым салуды дербес енгізе алатын арнайы қорғау тетігі. Мұндай тыйымды тек қарыз алушының өзі орната алады. Бұл опция қолданылған кезде қарыз алушының кредит тарихында оның кредит алудан уақытша бас тартуға шешім қабылдағаны туралы белгі пайда болады. Банк немесе МҚҰ кредиттік бюролардан деректерді сұрай отырып, осындай шектеу белгісін көреді және клиентке қарыз бермеуге автоматты түрде шешім қабылдайды. Бұл ретте шектеу ломбардтарға, сондай-ақ өз клиенттерінің кредиттік тарихын бағаламайтын басқа ұйымдарға қатысты емес. Банктік қарыздар, микрокредиттер алудан ерікті түрде бас тарту кредиттік алаяқтардан қорғану болып табылады және egov.kz сайты мен е-GOV mobile қосымшасында қолжетімді болады. 2024 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша 385 мың азамат кредит алудан ерікті түрде бас тартуды ресімдеді.
Жаңа заң не жайлы?
2024 жылғы 22 шілдеден бастап Ұлттық Банктің Антифрод-орталығын құру туралы норма белгіленді. Орталықтың басты міндеті – алаяқтық операциялар бойынша деректерді жинау, банктердің және МҚҰ-ның нақты уақыт режимінде күдікті операцияларды бұғаттауы.
Енді алаяқтық операцияларды анықтауға және алаяқтық транзакциялар бойынша жедел әрекет етуге, ондай операциялар бойынша қаражатты бұғаттауға, қаржы ұйымдары мен құқық қорғау органдары арасында нақты уақыт режимінде ақпарат алмасуға, алаяқтық операциялардың бірыңғай базасын және төлем операцияларының аналитикасын қалыптастыруға және жүргізуге мүмкіндік бар.
2024 жылғы 20 тамыздан бастап клиентті биометриялық сәйкестендіруден өткізбей онлайн банктік қарыздар мен онлайн микрокредиттер беруге тыйым салу заңды тұрғыдан әрекет ететін болады. Сондай-ақ, заңға тәуелді деңгейде Агенттік Интернет арқылы кредит беру кезінде liveness тексеруінің жүргізілуін талап етеді. Liveness - алаяқтар адамның жеке аккаунтына, мысалы банктік шоттарға қол жеткізу мақсатында кіру үшін дауыстық жазбаларды немесе фотосуреттерді қолдануға әрекет жасаған уақытта тірі адамды бетпердеден немесе дипфейктен ажыратуға мүмкіндік беретін технология. Бірақ liveness биометриялық технологиясының арқасында мұндай шабуылдарды болдырмауға болады.
Алаяқтардың клиенттердің фотосуреттерін пайдалануын болдырмау үшін клиентке бақылау қозғалыстарын жүзеге асыру қажет болады.
2024 жылғы 1 қыркүйектен бастап кредитті ресімдеуден ерікті бас тартуы болған кезде қарыз алушы кредиттік ұйым берген кредитті өтеуден босатылады. Егер азамат кредит алудан ерікті түрде бас тартса, бірақ осы кезеңде оған кредит заңсыз ресімделген болса, онда, кредитор-банк немесе МҚҰ қарызды есептен шығаруға міндетті болады.
2024 жылғы 1 қазаннан бастап банктер мен МҚҰ-ның кредит ресімдеуге келіп түскен өтініштер бойынша мәліметтерді нақты уақыт режимінде кредиттік бюроға беру міндеті заңнамалық тұрғыдан енгізіледі. Мұндай норма «кредиттік шопингті» - бір мезгілде бірнеше кредиттік ұйымдарда қарыздарды ресімдеуді болдырмау үшін белгіленген.
Бұл норма енгізілгенге дейін қалай болды? 2022 жылғы қазан айына дейін кредит тарихын жаңарту 15 күн ішінде жүзеге асырылды. Банктер мұны тез арада жүргізіп отырды, ал микроқаржы ұйымдары деректерді жаңартуды 15 күнге дейін уақытқа созған жағдайлар орын алды және бұл бұзушылық деп саналмады.
2022 жылғы қазанда банктер мен МҚҰ (кредиттік серіктестіктер мен коллекторлық агенттіктерді қоспағанда) берілген жаңа қарыздар туралы мәліметтерді 1 жұмыс күнінің ішінде міндетті тәртіппен кредиттік бюроларға беретін болды, ал қарыз алушылар туралы алдағы уақыттағы кез келген ақпаратты жаңарты 10 жұмыс күні ішінде жүргізілді. Осылайша, клиенттердің өздері немесе алаяқтар қысқа уақыт ішінде бірнеше қаржы институттарынан несие ала алатын «кредиттік шопинг» жағдайлары азайды. Алаяқтық кредиттерінен басқа, мұндай норма азаматтардың борыш жүктемесін ұлғайтпауға мүмкіндік берді. Егер қарыз алушы кредиттік шоппингпен айналысқан болса, күнделікті есеп борыш жүктемесінің коэффициентін яғни ай сайынғы төлемнің қарыз алушының ресми кірісінің жартысынан және одан жоғары болуын одан әрі анықтауға мүмкіндік береді. Басқаша айтқанда, кейіннен туындайтын қиындықтарымен қоса мерзімі өткен берешектің алдын алуға жағдай тудырады. Егер кредитті алаяқтардың ресімдегені белгілі болса, жалған кредитті анықтағаннан кейін қарыз алушы кредиттік ұйымға және құқық қорғау органдарына өтініш беруге тиіс. Өтініште болған жайтты толығымен сипаттап, кредитті ресімдеу фактісі бойынша барлық жазбаша дәлелдерді қоса беру қажет.
Жаңа заң кредиторларды алаяқтық кредиттер бойынша тергеу іс-шараларын жүргізудің барлық кезеңіне сыйақы есептеуді және талап-арыз жұмысын тоқтата тұруға міндеттейді. Егер сот алаяқтық фактісін анықтаса, банк немесе МҚҰ клиентке қойылатын талаптарды тоқтатуға тиіс.