Қазақстанда түрлі діндер мен конфессиялар өкілдерінің бейбіт қатар өмір сүруіне жағдай жасалған. Олар бірімен бірі араласа жұмыс жүргізуіне де тиым жоқ. Тек заңнан аттамаса, болғаны. Ал қазақ жеріне ислам діні нұрын шаша бастағалы күні бүгінге дейін Әбу Ханифа мазхабын ұстанатынымыз да ақиқат.
Алайда, діни наным-сенімге бостандық берілісімен-ақ ислам атын жамылған түрлі ағымдардан аяқ алып жүргісіз боп кетті. Бұрын діннен бейхабар болып келген адамдар қайсысы дұрыс, қайсысы бұрыс екенін бағамдай алмай, адасып жатты. Олардың көпшілігі–отбасында шариғи түсінік болмаған жастар. Бұл жастардың ата-анасы мен жақындары алғашында тура жолға түсті деп, қуанғанымен кейін оның адасқанын біліп, опық жеді. Сан ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүрлердің барлығына қарсы шығып, қазақ халқын мұсылмандықтан шығарып тастамақшы болғандары да бар. Сонау Сирияға кетіп, қаза тапқандары қаншама, біразы азып-тозып, «Жусан» операциясының арқасында елге келді.
Өздерін «сәләфпіз» деп жариялаған бұл ағымдарға қарама-қайшы сопылық ағымның да бірнеше түрі пайда болды. Ислам бағытындағы діни ағымдар әрқайсысы өзінікін дұрыстап жүргенде, «тәңіршілдік» деген негізсіз «дін» шықты. Ойланған адамға осының барлығы, түптеп келгенде, бір халықты іштен ірітіп, адамдарды біріне бірін қарсы қою мақсатында жасалып жатқан әрекет екені анық көрініп тұр. Ал ислам ғалымдары, теологтар бұлардың ара-жігін ашып, түсіндіре алады, түсіндіруден жалыққан да емес.
Ақтау қалалық Ауған соғысы ардагерлерінің «Боевое братство» қоғамдық бірлестігі Мұнайлы аудандық ішкі саясат бөлімі және азаматтық бастамаларды қолдау орталығы коммерциялық емес акционерлік қоғамының гранты аясында дін тақырыбындағы жобасын жүзеге асырып жүр. «ҚР діни экстремизм мен радикализмді тудырушы факторларды болдырмаудың нормативтері және ҚР діни мәселелерді реттеу парадигмалары туралы түсінік» деп аталған шаралардың бірі Ф.Оңғарсынова атындағы Мұнайлы аудандық мәдениет үйінде өтті.
Бұл кездесу өңірдегі теолог мамандарға арналды. Маңғыстаулық теологтармен кездескен теология ғылымдарының докторы Мұхан Исахан радикалданған діни ағымдардың түрлеріне тоқталып, әрқайсысының жеке ерекшеліктерін бөліп айтып, түсіндірді. Бұлардың арасындағы кейбір өзгешеліктер және ұстаздары әр түрлі болғанымен, арғы түбі бір екенін де қаперге берді.
Теолог мамандар теріс ағымдарда жүрген адамдармен кездескенде тап болатын мәселелерді ортаға салып, бұларды шешу жолдарын қарастырды.
Сондай-ақ теологтарды толғандырған түйткілдердің бірі–соңғы жылдары белсенділік танытып келе жатқан тәңіршілдік мәселесі. Мұхан Исахан тәңіршілдік нанымын зерттеп жүргенін айтты. Ғалым тәңіршілдік–түркілердің исламға дейінгі сенімі, қазақ тілінде кездесетін кейбір сөздердің тәңіршілдікпен байланысты, деген пікірін білдірді.
-Мысалы, «жексұран, албасты» деген сөздер исламдағы «жын» сөзінің синонимі,-деді ол.-Қазақ тіліндегі «тәңір жарылқасын» деген де бар. Ресейде тәңіршлдік ұстанатын адамдармен кездесіп, ғибадатханасында болғанымда, олардың намаз сияқты өзінше құлшылығы бар екенін көрдім. Біз бір Аллаға сыйынатын болсақ, олар да бір тәңірге сыйынады екен.Әрине, айырмашылықтары көп. Тәңір сеніміндегілер бақсы-құшынашпен бірге құлшылық жасаса, исламда жындармен байланыс жасауға тыйым салынды. Қазіргі тәңіршілдік–патша үкіметі ислам дінінен бұрынғы діни нанымға оралуды сылтауратып, өзінің отаршылдығын орнату үшін қолданған әдісі. Бұл әдіс-айла ұлттық біртұтастыққа сына қағу мақсатында, әсіресе, ислам дініне деген халықтың сұранысын кеміту үшін қазір де қолданылып жүргені өкінішті.
Теологтардың жұмыс барысында туындайтын сауалдарына тұшымды жауап беріліп, семинарға қатысушыларға сертификат тапсырылды.
Сонымен қатар теология ғылымдарының докторы Мұхан Исахан Мұнайлы ауданының тұрғындарымен, мекемелер қызметкерлерімен кездесулер өткізіп, «Зайырлылық қағидаттары және тәуелсіздік жылдары ҚР қалыптасқан діни ахуалды құқықтық реттеу негіздері. Зайырлылықтың отандық моделін қалыптастырудың индикаторларын нақтылау мәселелері», «Жат діни ағымдарды ұстанымдарына байланысты классификациялаудың парадигмалары» және «Деструктивті діни ағымдардың теологиялық ұстанымдары мен дәстүрлі діни таным арасындағы антисинтездік тұжырымдар» тақырыптарында дәріс оқыды. Жұртшылық ғалыммен ашық-жарқын әңгімелесіп, өздерін толғандырған сұрақтарға толыққанды жауап алды.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА.