Соңғы жылдары әйелдер арасында жатыр мойны обыры (ЖМО) немесе рагы жиілеп кеткенін байқап жүрміз. Бұл ауру ең көп кездесетін қатерлі ісіктердің бірі екенін де жақсы білеміз. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша АИТВ инфекциясымен өмір сүретін әйелдер үшін жатыр мойны обырының даму ықтималдығы АИТВ инфекциясы жоқ әйелдерге қарағанда, 9 есе жоғары екен. Осы дерт жайында ЖИТС-тың алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі облыстық орталықтың инфекционист дәрігері Гүлбадан Қадырғалиевадан сұрағанбыз.
-Жатыр мойны обыры адам папилломасы вирусының (АПВ) белгілі бір түрлерімен жыныстық жолмен жұқтыру нәтижесінде дамиды: АПВ-ның екі түрі (16 және 18) барлық қатерлі ісіктердің 70% -ын және жатыр мойнының ісікке дейінгі зақымдануын тудырады,-дедй ол.-Ауру көбінесе еш белгісіз басталады. Белгілер асқыну дамыған кезде ғана пайда болады. Жатыр мойны обырының алғашқы белгілері мыналар:
• ұзақ және ауыр етеккір;
• жыныстық қатынастан кейін пайда болатын контактілі қан кетулер;
• етеккірлер арасындағы кез-келген сипаттағы сулы немесе сарғыш бөлінулер;
• менопауза басталғаннан кейін кез келген қан кету немесе қынаптан ағу.
Тек кейінірек әртүрлі күш пен сипаттағы ауырсыну қосылады. Кейінгі кезеңдерде бұл белгілерге кенеттен себепсіз салмақ жоғалту, бел мен аяқтың ауыруы, үнемі шаршау сезімі, сүйектердің патологиялық сынуы (сүйек метастаздарының белгісі), қынаптан зәрдің ағуы сияқты белгілер қосылады. Алғашқы диагностика қырындыны цитологиялық зерттеу арқылы және кольпоскопия кезінде жүргізіледі. АИТВ позитивті науқаста дисплазияны емдеу үшін байланыссыз, қансыз, қауіпсіз лазер қолданылады. Инвазивті ісіктерде хирургиялық араласулар, химиотерапия және сәулелік терапия қолданылады, көбінесе бұл әдістер біріктіріліп жасалады. CD4 жасушаларының саны бір микролитр қанда 50-ден аз әйелдерде қайталану ықтималдығы жоғары. АИТВ жұқтырған адамдарда иммунитетті жоғарылатудың және вирустық жүктемені төмендетудің жалғыз әдісі-бұл жоғары белсенді антиретровирустық терапия (ЖБАРТ)және бұл қабылдау кестесін нақты сақтауды талап етеді. АПВ-на қарсы вакциналар— аурудың алдын-алудың жақсы құралы. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы АПВ 16 және 18-ге қарсы вакциналарды ұсынады және ол көптеген елдерде қолдануға рұқсат етілген. Қыз балалар 9-12 жастан бастап егіле бастайды. Осылайша, АИТВ жұқтырған әйелдерде жатыр мойны обырының пайда болу ықтималдығының жоғары болуына байланысты және оны ерте анықтау үшін олар ПАП жағындысын жасауы керек, атипті жасушалар анықталмаса, зерттеуді алты айдан кейін, одан соң теріс нәтиже болса - жылына 1 рет қайталап тұру қажет. Скринингтің маңызы зор. Бұл қатерлі ісікке дейінгі өзгерістер мен жатыр мойны обырын ерте кезеңдерде анықтауға көмектеседі. Үнемі тұрғылықты мекен жайы бойынша гинекологтың тексерулеріне қатысып, ПАП-тест тапсырып, АПВ-тест тексеру керек. Жатыр мойны обырын диагнозды ерте қойып, емді дереу бастау арқылы емдеп жазуға болады.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА