Кәсіподақ институты қазіргі таңда ұлттар мен ұлыстардың басын біріктіретін үлкен шаңырақ деп айтсам артық болмас. Әртүрлі еңбек дау-дамайлары ешқашанда ұлтаралық шиелініске ұласпағаны, елімізде Елбасының салиқалы саясатының арқасында екені сөзсіз деп есептеймін. Қордайдағы болған оқиғаның болуына көз жүгіртсек, ол тек қана арандатушылардың кесірінен болған екені бәрімізге мәлім.
Сол сәтте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тез арада комиссияның құрамын белгілеп, болған оқиғаның себептерін анықтау үшін, азап шеккендерге көмек көрсетіп, болашақ жан-жақты қамтыған жоспар жасақтау мақсатында, басқару міндетін, еліміздің өңірлердегі тұрмыспен таныс, үлкен тәжірибесі бар Бердібек Сапарбаевқа тапсырды. Артынан ол азаматты Жамбыл облысының әкімі етіп қою да үлкен парасаттылықты білдіреді. Ал аз уақытта Қазақстан Кәсіподақтар үшін үлкен абырой берер септік-үлесін қосып кеткен елімізге белгілі қайраткер Ералы Тоғжановтың Үкімет басшының орынбасары болып тағайындалуы, әлеуметтік саладағы бірталай уақыттан келе жатқан мәселелердің шешілуіне зор ықпал болады деген сенімдемін.
Маңғыстау облыстық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы болып отырып, алғыс айту күні біздің Президентіміздің Қордай аудан тұрғындарымен кездесетінін шын ниетпен қолдаймын!
Біздің негізгі бағытымыз - елдің ынтымағы мен бірлігінде. Біздің тәуелсіз ел ешкімді ұлтына қарап алаламайды. Тәуелсіз еліміздің тыныштығын бұзған кез келген азамат қылмыскер атанады, мейлі ол қазақ болсын, басқа ұлт өкілі болсын айырмасы жоқ. Бірақ бұл өзінің ұлттық болмысынан бас тарту деген сөз емес. Керісінше ұлттың тұтастығы мен амандығын сақтаудағы басты іс-әрекет. Тәуелсіз Қазақстан мемлекеті бейбітшілік мекені. Ата-бабамыз өз жеріне тағдыр айдап келген барша өзге ұлт адамдарын сыртқа тепкен емес. Керісінше Құдай дарытқан бауырмалдық қасиеттерінің нәтижесінде кең құшақ ашып туыс болып сіңісіп кеткен.
Қазақстан Ассамблеясының сахнасында көзіне жас алып тұрып, шешен ұлтты қарияның айтып берген әңгімесі менің әлі есімде.
- Сонау сұрапыл жылдары біз жер аударып, бағымызға орай қасиетті қазақ жеріңе келіп қоныстадық. Мен сол кезде омыраудағы сәбимін. Туған анам ауруға шалдығып, омырау сүті болмай қалды. Оны естіген көрші Қарлығаш атты қазақ келіншек, бір баланы тойдырған омыраудағы сүт екінші балаға да жетеді деп, мені өскенше асырады. Сондықтан менің екі анам бар. Менің отаным – Қазақстан! Жерімізді қадірлеп, аялап өтейік, бауырларым!
Мейіржан Туманов,
Маңғыстау облысының кәсіподақтар бiрлестiгiнiң төрағасы