«Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек алғашқы іссапарын Атырау облысынан бастады. Осы жұмыс сапарын ары қарай әр өңірде жалғастырады. Бұл туралы партияның Маңғыстау облыстық баспасөз қызметі хабарлады.
Аймақтардағы маңызы бар мәселелермен танысып, мемлекет тарапынан атқарылатын істер жөнінде халықпен бөлісуді көздеген ол денсаулық сақтау саласы, шетелдік және отандық жұмысшылардың жалақысын теңестіру, партия бастамалары және түрлі әлеуметтік мәселелер жөнінде халықпен кездесуінде айтты.
Мәселен, Елбасы, «Nur Otan» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев партияның ХVIII Съезінде алғашқы медициналық санитарлық көмекті дамытуға қосымша 120 млрд теңге бөлуді тапсырғанын айтты.
- Өткен жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің Қазақстан халқына алғашқы Жолдауында үш жылдық бюджет аясында денсаулық саласының дамуына қосымша 2,3 трлн теңге қаржы бөлінетінін айтты. Нәтижесінде 2019 жылы денсаулық сақтау қызметкерлерінің еңбекақысы ішінара 30%-ке көтерілді.
Жалпы Қазақстан бойынша 2 жыл ішінде 25 мың мұқтаж азамат пәтер алды. Бұл ретте жастарға басымдық беріледі. Ең бастысы – табыстың өсуі. Табыс болса, әр түрлі құралдар бар, - деді партия төрағасының бірінші орынбасары.
Сондай-ақ, өңірлерді аралаудағы мақсаты – елдің руханиятына, мәдениетіне, дін мен тілге қатысты өзекті мәселелер қозғалып, жан-жақты талқылау. Өз сөзінде Бауыржан Байбек партияның мақсаты мен міндеттеріне, мәдениетті, ұлттық құндылықтарды дәріптеу бағытын да қолға алған шараларына кеңінен насихатталуы қажеттігін айтты.
- «Nur Otan» партиясының міндеті – халықтың мұңын мұңдап, билікке жеткізу. Билік тарапынан көптеген жұмыстар атқарылғанымен, олар туралы халыққа кей жағдайларда дұрыс түсіндіру жұмыстары жүргізілмей жатады, - деді Бауыржан Байбек.
Сондықтан барлық мүмкіндіктерді пайдалана отырып, биліктің игі істерін, жаңа бағдарламаларын халыққа қарапайым тілмен жеткізу керектігін алға тартты. Қазіргі таңда әкімдермен бірлесіп әрбір өңірде партияның бағдарламасын талқылау, дамыту басты мақсат болмақ. Өңірлерге жасалынатын сапарда Бауыржан Байбек еліміздің шалғай аудандарға дейін барып, қарапайым тұрғындармен тікелей кездесу арқылы халықтың тұрмыс-тіршілігімен кеңінен танысып, жұртшылықты толғандырып жүрген мәселелерді анықтайды.
Елбасы, «Nur Otan» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған саяси ұйымның өңірлерге сапарлары ары қарай жалғасып, әрбір аймаққа тән мәселелер мен ерекшеліктер есепке алынып, аумақтық бағдарламаларда көрініс таппақ.