Бүгін Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмов Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Болат Палымбетовпен кездесті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты. Облыс әкімдігінде өткен басқосуда Өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрбек Қарасаев: «2019 жылдың 11 айында Маңғыстау облысының кәсіпкерлер палатасы 519 өтініш қарады. Оның 129-ы бизнесті қорғау саласы бойынша. Аталған өтініштердің 66 немесе 51 %-ы оң шешіліп, 1,62 млрд теңге сомаға кәсіпкерлердің мүліктік құқықтары қорғалды. Есепті кезеңде кеңестің 8 отырысы өткізіліп, онда 14 мәселе қаралды. Жаңаөзен қаласында өткен отырыста жер қатынастарына қатысты кәсіпкерлердің 3 түйткілді мәселесі қаралды» - деді. 2016 жылы 16 желтоқсанда істі болған кәсіпкерлерге рақымшылық жасау туралы Заңға қол қойылды. Нәтижесінде экономикалық қылмыстары үшін сотталған 649 кәсіпкерге рақымшылық жасалған. «2016-2018 жылдары Бизнес-омбудсмен аппаратына бизнесті қорғау бойынша 17 мыңнан астам өтініш түскен. Өтініштердің 46 пайызы шешілді. Кәсіпкерлердің қорғалған мүліктік құқықтарының сомасы 110 млрд теңгені құрады. Бұл - күші жойылған айыппұлдар, өсімақылар, кәсіпкерге қайтарылған, сақталған мүліктер»,- дейді «Атамекен» ҚР ҰКП қоғамдық мониторинг және әкімшілік кедергілермен жұмыс департаментінің директоры Ербол Үстеміров. 2015 жылы 8 мыңнан астам экономикалық қылмыстық іс қозғалған болса, 2018 жылы 5 есе азайған. Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілінің араласуымен мемлекеттік органдардың бақылау-қадағалау қызметі реформаландырылып, рұқсат беру жүйесі реттелген, салық және кеден заңнамалары жетілдірілген, қылмыстық және әкімшілік заңнамалары ізгілендірілген. Атқарылған жұмыстар сарапталып, жиын соңында тараптар бірлескен жол картасына қол қойды.
Махаббат НҰРЖАНҚЫЗЫ
Суреттерді түсірген Саби Майемеров