Маңғыстауда алғаш рет өткен қолөнер шеберлерінің аймақтық форумында облыс әкімі Нұрлан Ноғаев осылай деді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Іс-шараға Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев, "JICA" Жапон халықаралық ынтымақтастық агенттігінің сарапшысы, Қырғыз Республикасындағы "Бір ауыл – бір өнім" жобасының бас консультанты Акихиса Харагучи, Қазақстан қолөнершілер одағының президенті Айжан Бекқұлова, Маңғыстау облысы қолөнершілер одағының президенті Әуес Сағынаева, Маңғыстау облысының іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Сәуле Салихова, сондай-ақ облыстың қолөнершілері, ақсақалдар мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.
Форумда сөз алған аймақ басшысы ата-бабаларымыздан қалған төл туындыларды жастарға жаңа бағытта ұсынып, оны дамытуды кәсіпкерлікпен ұштастыру қажет екенін атап өтті.
-Көшпелі мал шаруашылығымен айналысқан Маңғыстау елінің күнделікті тыныс-тіршілігінде ұсталар басты рөл атқарған. Темірден түйін түйген олар ел сұранысын орындап, өткен ғасырдың алпысыншы жылдарына дейін ауыл шаруашылығында негізгі жұмыстарды атқарды. Сонымен қатар өңірімізде қолөнер шеберлерінің басым көпшілігі киіз үй жабдықтарымен айналысады. Қазақ халқымыздың төл өнері – қол өнердің жаңғыртылуы мәңгілік ұрпақтан – ұрпаққа таралып жүре бермек. Мәңгілік өшпес мұра етіп қалдырған осындай қолөнерімізді жол ортаға тастамай келешек ұрпақтың бойын сіңіру барлығымыздың парызымыз деп сенемін. Әрбір дүниенің, әрбір бұйымның, қандай шеберлікпен, қандай еңбекпен жасалғанын бүгінгі ұрпақ сезіне білуі тиіс. Әрине заман талабына сәйкес бұл мұраны жастарға жаңа бағытта ұсынып, оны дамытуды кәсіпкерлікпен ұштастыру қажет. Осы тұста этнотуризмді қолға алып, тек қана қолөнершілікті үйреніп қана қоймай одан әрі ол арқылы табыс табуға да қолдау білдіруіміз керек. Осы мәселе бойынша сіздер болып, біздер болып бірге жұмыстануымыздың басы осы деп есептеймін,- деді Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев.
Форумда «Бір ауыл – бір өнім» – жобасы бойынша, Маңғыстау облысында қолөнершіліктің ағымдағы жағдайы, этнотуризмнің болашағы туралы, «Қолөнершілік және табыс» тақырыбында спикерлер кеңінен баяндап, саланы дамыту бойынша өз ұсыныстарын ортаға салды.
Сонымен қатар форум аясында қолөнершілікті кәсіпке айналдырып, ол арқылы табыс табумен қоса, азаматтарды жұмыспен қамтып отырған шеберлер Маңғыстау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін Маңғыстау облысы әкімінің алғыс хатымен марапатталды.