Бүгін елордалық «Қазанат» ипподромында «Ұлы дала жорығы» тұңғыш республикалық марафон-бәйгесінің ашылуы өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz
ҚР парламенті мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов қатысушыларға Президент құттықтауын жеткізді.
- Қазақ пен жылқы – егіз ұғым. Арғымақ атты халқымыздың символы деуге болады. Біз қазіргі заманның жақсы қасиеттерін бойға сіңіре отырып, ұлттық болмысымызды жаңғыртуға тиіспіз. Бүгінгі бәйгенің басты мақсаты – осы. Бұл – нағыз азаматтар мен қазанаттар сыналатын дода. Сондай-ақ, елімізге рухани серпіліс әкеліп, жастарды отаншылдыққа баулитын бірегей жоба. Аламан бәйге ұлтымыздың рухын асқақтатып, мерейін асыра түседі деп сенемін», –деген президент құттықтауында.
Аталмыш марафонның мақсаты – қазақ халқының тарихы мен төл мәдениетін жаңғырту.
Жарысқа қатысушылар 1 200 шақырым жүріп, Түркістанға ат басын тірейді. Күн сайын 100 шақырым жолды жүріп өтпек.
“Бұл марафон-бәйге еліміздің ат спорты мен туризмінің отаны ретінде танытып, туристік әлеуетін арттыруға, ұлттық спортқа тың серпін беріп, оны әлемдік деңгейдегі мемлекеттік бренд ретінде қалыптастыруға жол ашады деп сенемін. Ертең «Ұлы Дала Жорығына» аттанатын шабандоздарға оң сапар тілеймін! Халқымыз айтпақшы, ат бәйгелі болсын”, - деді Ерлан Қошанов.
Бұл марафонға маңғыстаулықтар да қатысуда.