Маңғыстаулық мемлекеттік қызметшілер 17 қыркүйек күні тазалық акциясына қатысты. Бұл шара «Дүниежүзілік тазалық күні» экологиялық жобасы аясында өткізіліп отыр, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме бере отырып.
Тазалық жұмыстары Ақтау қаласы бойынша аэропорттан қалаға кіре берістегі «Кездесу» газ құю бекетінен 32 шағынауданға дейінгі және Шотан батыр ескерткішінен «Кездесу» газ құю бекетіне дейінгі аралықта жүргізілді. Санитарлық сенбіліктің мақсаты қаламызды тазалыққа шақыру. Ұйымдастырушылардың айтуынша, әр жас қаламыздың жақсаруына білек сыбана ат салысуы керек.
-Қазақстан бойынша Маңғыстау облысы туризмді дамытудағы 10 үздік аймаққа айналып отыр. Жол жиегіндегі қоқыстарды жинап, қаланың тазалығын қамтамасыз ету бүгінгі акцияның нақты мақсаты. Қала тұрғындары елді-мекенге өз шаңырағындай қарап, жанашырлық танытса екен дейміз. Ал шаһарымызға келген қонақтардан жерімізге құрметпен қарауды сұраймыз, - деді Маңғыстау облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Дүйсен Құсбеков.
Экологиялық акцияда қоқыс тазалап, аймақты абаттандыру жұмысына қатысқан мекемелер көп болды. Соның ішінде Жаңаөзен қаласынан «Өзенмұнайгаз» АҚ компаниясы 8 тонналық ауыр жүк машинасымен қамтамасыз етіп, қызметкерлерін жіберген.
-Сенбілік апта сайын ұйымдастырылуы керек. Өзіміздің өңірімізге септігіміз тисе ризамыз. Қоршаған ортаны ретке келтіріп , өскелең ұрпаққа үлгі болсақ қуанамыз, - деді «Өзенмұнайгаз» АҚ қоршаған ортаны қорғау департаментінің аға инженері Ақмұрат Шерниязұлы.