Жаңаөзенде қаланың құрметті азаматы, мәдениет қайраткері Өтежан Алшымбаевтың туғанына 100 жыл толуына орай салтанатты шара өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Жаңаөзен қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Іс-шара аясында Өтежан Алшымбаевтың есіміне Рахат ауылындағы «Мерей»шағынауданынан көше берілді.
Сондай-ақ, есімі жазылған ескерткіш ашылды. Ескерткіштің ашылу лентасын қала әкімі Айбек Қосуақов пен ұрпағы Зейнолла Алшынбаев кесті.
Салтанатты шара әрі қарай мектепте жалғасты.
Атаулы мерейтой қарсаңында қаладағы №9 жалпы білім беретін мектепте Өтежан Алшымбаевқа арналған тәлім-тәрбие кабинеті ашылды. Ашылу лентасын ардагер ұстаздар, ҚР оқу-ағарту ісінің үздігі, Нұрзила Бегалықызы мен Жаңаөзен қаласындағы оқу-ағарту ісіне еңбегі сіңген Хиуаз Алшымбаева қиды.
Іс-шара барысында қаланың құрметті азаматы, ардагер- мұнайшы Аманжан Өтесінов пен Ақтау қаласы Педагогикалық шеберлік орталығының директоры Катира Боранбаева құттықтау сөз сөйледі. Сондай-ақ оқушылар Өтежан Алшымбаевтың шығармашылығынан және мерейтой иесіне арнаған арнау өлеңдерін оқыды.
Қазіргі таңда атаулы білім ордасында 150 мұғалім бар. 1729 оқушы білім алуда. Мерейтойға орай мектепте оқушылар арасында Өтежан Алшымбаев жақсы көретін қалалық шахмат турнирі ұйымдастырылды. Турнирге қаладағы 24 мектептен 50-ден астам оқушы қатысты.
Мерейтой шарасы әрі қарай «Мұнайшы» мәдениет үйінде «Тау алыстаған сайын биіктейді» атты ғылыми конференция мен әдеби-сазды кешпен жалғасты. Конференция аясында Өтежан Алшымбаев туралы кітаптар мен фото- суреттер, қала тарихынан көрнекі көрме ұйымдастырылды.
Әдеби-сазды кеш «Нұрлы ғұмырлы нар тұлға» қойылымымен басталып, экраннан Өтежан Алшымбаевтың жастық шағы, қызметке келуі, шығармашылығы, өнерге құштарлығы мен елге сіңірген еңбегіне шолу көрсетілді. Қала әкімі Айбек Қосуақов «Парасат пайымы ерекше азамат» атты баяндама жасады.
- Өтежан ағаның өмір жолына назар салып қарасақ, ол тәлім-тәрбие бағытында көп еңбек етіп, тер төккен. Қандай деңгейде, қай лауазымда еңбек етсе де Өтежан Алшымбайұлы мансап қумайтын, өмір ағымына сай қарапайым азамат екендігін көрсетті. Қандай жұмыс саласы болса да, ол халықтың ризашылығын алды, қолынан келгенше адамға жақсылық жасауға талпынды. Жақсының артында өнеге, азаматтық кейпі қалады. Ғасырға жуық ғұмыр кешкен ел ағасы қызметін халқына арнады. Оның кескін-келбеті ел жадында уақыт өткен сайын биіктей береді. Өтежан Алшымбайұлының өмір жолы, еңбек жолы – кейінгі ұрпақтар үшін өшпес өнеге, үлкен ұлағат!, - деді қала әкімі.
Ғылыми конференция Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инженеринг университетінің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Әділет Қабылов, үздік өлкетанушы, мемлекеттік қызмет ардагері Алқажан Еділхан, мемлекет және қоғам қайраткері, Маңғыстау облысының құрметті азаматы Зейнолла Алшынбаев баяндамаларымен жалғастырды.
Әдеби кеш барысында Өтежан Алшымбайұлының ұрпақтарына естелік сыйлық табысталды. Мерейтой иесінің шығармашылығынан өлеңдер оқылып, ән шырқалды. Сондай-ақ, ұлт-аспаптар оркестрінің өнерпаздары келген қонақтарға музыкалық көңіл-күй сыйлады.