Ақтауда қолөнер мен этнотуризмді дамытуға арналған форум өтті. Оған Жапония мен Қырғызстаннан арнайы делегация қатысты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме бере отырып.
Форумға қатысқан Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев келер жылы аймақтағы қолөнершілерге бөлінетін грант саны көбейетінін жеткізді.
Шараға Жапония мен Қырғызстаннан арнайы делегация қатысты. Екіжақты кездесу барысында облыс басшысы олардан қазақ қолөнерін өз елдерінде жиі насихаттап отыруға ұсыныс жасады.
-Іс-шара Маңғыстау облысы әкімдігінің қолдауымен «Бір ауыл-бір өнім» жобасы аясында алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Форум мақсаты - Маңғыстаудағы қолөнершілердің басын біріктіріп, бағзы заманнан бері келе жатқан кәсібін тек өңірде ғана емес, шетелдерге экспорттауға бағыт-бағдар беру,- дейді Маңғыстау облысы кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы Жанна Тоқбаева.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, этнотуризмді дамыту мақсатында шетелдік сарапшылармен екі жақты келісімге қол қойылған. Жапония, Қырғызстаннан келген өкілдер этноауылдың қонақтары болды.
-Қазақтардың өнерін көріп таңқалып жатырмын. Керемет дүниелердің куәсі болдық. Бізбен бірге бірнеше сарапшы мамандар келді. Бұдан да жақсы дүниелерді жасап шығаруға ұмтылған кәсіпкерлер, бізден кеңес ала алады,-деді JICA агенттігінің бизнесті жылжыту жөніндегі кеңесшісі Митсуо Мураяма.
Форум барысында «Достық үйі» ғимаратының алдында киіз үйлер құрылып, 100-ден аса қолөнер шеберлерінің бұйымдары көрмеге ұсынылды. Соның ішінде қолөнер саласында 8 жыл жүрген зергер - Төремұрат Өмір күмістен бұйымдарын әкелген.
-Бұл кәсіпті атамыз бастаған. Сондықтан есімін жаңғыртып, шеберхананы «Өмір» деп атадық. Бір сақинаны жасау 4 күн уақытты алады. 100-ден астам өнім шығарып үлгердік. Оның жартысынан жуығы шет елдерге экспортталады, дейді Төремұрат Өмір.
Форумда өнерін ортаға салған кәсіпкердің бірі Нұрзия Мүсірханова. Ол тоқыма бұйымдарымен 9 жылдан бері айналысып келеді. Балабақша ашқаннан кейін қызығушылығы артып, экологиялық таза өнімді балаларға ұсынғысы келіпті.
-Қолмен тоқылған өнім ешқандай аллергия тудырмайды. Бұйымдарға өңірде сұраныс көп, талғам да артқан. Сонымен қатар, елордадағы көрмелерге барып жүлделі орындарды алдық. Ендігі мақсат артымыздан ерген сіңлілерімізді қолөнерге баулу және бизнесті кеңейтіп, экспортқа шығу, - деді Нұрзия Мүсірханова.