Отбасы күні қарсаңында Ақтау қаласында 7 жас жұбайға салтанатты түрде неке туралы куәлік табыс етілді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.
Неке қию туралы куәлікті тапсыру салтанаты қала әкімінің орынбасары Әбілқайыр Байпақовтың қатысуымен өткізілді.
"Сіздерді заңды некелеріңізбен құттықтаймын. Қала әкімінің атынан Сіздерді осы тамаша және көптен күткен күндеріңізбен құттықтаймын. Жыл басынан бері Ақтауда 1598 жұп неке қидырды. Бір-бірлеріңізді құрметтеңіздер, Сіздерге зор денсаулық және көп балалы ата-ана болуларыңызды тілеймін", - деді Ә.Байпақов.
Қалалық АХАТ бөлімінің мәліметінше, қыркүйекте 33 жас жұбай неке қидырып, жүректерін біріктірді.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанда қыркүйектің әрбір екінші жексенбісі Отбасы күні атап өтіледі. Биыл бұл күн 11 күніне түсіп отыр.