Жаңаөзен қаласындағы 5548 әскери бөлімінің тәртіп сақшылары көшелерді патрульдеу кезінде қалада орналасқан сауда үйлерінің бірінде пайда болған өртті сөндіруге көмектесіп, әйел адамды өрттен құтқарды. Оқиға, 2022 жылдың 9 қыркүйегінде түнгі сағат 23:40 шамасында орын алған, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Жаңаөзен қаласы Ұлттық ұлан қызметіне сілтеме жасай отырып.
Сол күні Ұлттық ұланның Жаңаөзен қаласында орналасқан 5548 әскери бөлімінің жауынгерлері күнделікті өздерінің жауынгерлік қызметтерін атқарды. Әскери жасақ бастығы қатардағы Жамбыл Жақсылықов өзіне берілген аймақта, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету барысында, «Алтын дән» сауда үйінің жанып жатқанын байқап қалып, әскери жасақ кезекшісі капитан Бек Байбосыновқа баяндайды.
Осы сәтте әскери жасақ кезекшісі Бек жылдам шешім қабылдап, осы аймақтың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жүрген, әскери топ бастығы аға сержант Дамир Күнболатовқа болған оқиғаны хабардар етіп, оқиға орнына тез жетуге бұйрық береді. Өзі де көмек беру үшін төтенше жағдай орнына асығады.
Оқиға орнына келіп өрт сөндірушілер келгенге дейін, әскери жасақ күшімен «Алтын дән» сауда үйін қоршауға алып, сауда үйінің ішіне кіріп,ғимараттың ішіне іздестіру жұмыстарын жүргізеді. Нәтижесінде «Алтың дән» сауда үйінің басшысы 45 жастағы әйелді қауіпсіз жерге алып шығып, өрт сөндіруге көмектеседі.
- Біз Ұлттық ұлан әскери қызметшілері, қандай жағдай болмасын халыққа көмек көрсетуге әрқашанда дайынбыз. Әскерилердің міндеті-бейбіт азаматтарды қорғау. Бұл біздің басты парызымыз деп білемін. Орын алған төтенше жағдайды ести сала ұзақ ойланбастан, жақын аймақта орналасқан әскери жасақтарды жинап, өртті сөндіруге, бейбіт азаматтарға көмектесуге асықтық. Бұл біздің жасаған ерлігіміз емес, күнделікті қызметіміз деп білемін, - деді капитан Бек Бекбосынов.
Қазіргі таңда төтенше жағдай қызметкерлері өрттің шығу себептерін анықтауда.