Жыл сайын мамыр айының үшінші жексенбісінде Дүниежүзілік ЖИТС-тен қайтыс болған адамдарды еске алу күні атап өтіледі. 15 мамырға тұс келген биылғы акцияда ЮНЭЙДС ұраны «Біздің жадымызда! Біз әрекет етеміз! БізАИТВ-жұқпасынан көппіз!» деп аталды. Ондағы мақсат—індетке ұшыраған адамдарды ұмытпауға, ақпараттық және профилактикалық бағдарламалар мен жобаларды белсенді іске асыруға, АИТВ-мен өмір сүретін адамдардың (АӨА) олар жұқтырған індеттен құнды екенін және оларды кемсітуге болмайтынын түсінуге шақыру. Сондай-ақ бұл күнді атап өту тұрғындарды тестілеуден өту қажет екенін білдіру, АИТВ инфекциясы әрқайсымызға әсер етуі мүмкін екенін ұғындыру үшін қажет. Осы мақсатта ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі облыстық орталық мамандары салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығы мен бірлесіп арнайы акция ұйымдастырды.
Акция аясында Ақтау қаласындағы орта мектердің жоғары сынып оқушылары арасында балаларға АИТВ және ЖИТС жөнінде білім деңгейлерін көтеру, зиянды әдеттерден аулақ болу, салауатты өмір салтын ұстанудың маңыздылығы мен денсаулығына жауапкершілікпен қарауға ынталандыру мақсатында алдын алу шаралары туралы ақпараттық түсіндіру жұмыстары жүргізілді. АИТВ жұқпасы туралы ақпарат беретін кітапшалар таратылды. Осындай шаралар қаладағы барлық орта арнаулы оқу орндарында да өтті.
Сонымен қатар «Маңғыстау», «Ақ қала мол» сауда орталықтарында да қызметкерлер мен келушілер үшін науқан өткізілді. Шара барысында орталық мамандары науқанға қатысушыларға АИТВ жұқпасының берілу жолдары, алдын алу шаралары туралы ақпараттық түсіндеру жұмыстарын жүргізіп, АИТВ жұқпасына шұғыл тестілеуден өтуге мүмкіндік берілді. Барлық қатысушыларға ақпараттық-білім материалдары таратылды. Шараға 176 адам қатысып, 35 адам АИТВ жұқпасына жедел тестілеуден өтті.
Акцияның жалғасы 7а шағын аудандағы теңіз жағалауында да өтіп, қатысушыларға сыйлық ретінде шарлар, балмұздақ берілді. ЖИТСке қарсы күрес және оның алдын алу жөніндегі орталығының эпидемиолог дәрігері Динара Нұрғалина акция аясында шұғыл тестілеуден өткен азаматтардың ешқайсысынан АИТВ жұқпасы табылмағанын айтты.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА