Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Каспий теңізінің теңіз ортасын қорғау жөніндегі негіздемелік конвенцияға қоршаған ортаға трансшекаралық тұрғыдан жасалатын әсерді бағалау жөніндегі хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы мақұлданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазақстан Каспий теңізінің солтүстік бөлігінде орналасқан. Мамандардың пайымынша, теңіздің осы аймағы қоршаған орта тұрғысынан кері әсерлерге мейлінше сезімтал, осал бөлігі болып есептеледі. Сондықтан бұл құжат еліміз үшін өте маңызды. Каспий теңізінде көмірсутегі шикізатының ірі қорының болуы осы су бассейініндегі экологиялық әрі биологиялық ресурстарын сақтау мәселесін өзекті етеді. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы ынтымақтастықты нығайту мақсатында Қазақстан Негіздемелік конвенцияға қатысты бірқатар хаттамаларға қол қойды. Солардың бірі – Каспий маңы мемлекеттері 2018 жылғы 20 шілдедегі Мәскеуде қол қойған қоршаған ортаға әсерді бағалау жөніндегі хаттама», - деді Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев.
Осы орайда ол бұл трансшекаралық контекстегі құжатты Әзербайжан, Иран, Қазақстан, Ресей және Түрікменстан қабылдағанын еске салды.
Сонымен қатар, осы хаттаманы реттеуге жататын қызмет түрлері анықталды. Олар келесідей: мұнай өңдеу зауыттары, жылу қуаты 300 мегаватт немесе одан жоғары жылу электр станциялары мен басқа да жағу қондырғылары, атом электр станциялары, автомобиль жолдарын салу, реконструкциялау және кеңейту.
«Конвенция ережелерін іске асыру үшін жаңа Экология кодексінде трансшекаралық экологиялық әсерді реттеу, оларды жүзеге асыру тәртібі, құқықтары мен міндеттері қарастырылған. Қазақстан трансшекаралық әсерлерді бағалауға қозғалатын тарап ретінде қатысса, онда шығу тарапынан келіп түскен құжаттар министрліктің бірыңғай экологиялық порталында (http://ecoportal.kz) орналастырылады. Өз кезегінде, мүдделі мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарға Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарының электрондық құжат айналымының бірыңғай жүйесі арқылы жіберіледі. Ал егер Қазақстан трансшекаралық әсерлердің шығу тарапы ретінде қатысса, онда қоршаған ортаға әсерді бағалау рәсімі елдің ішінде ғана емес, сонымен қоса қозғалатын тараптар да қатар жүргізіледі. Мысалы, Каспийде жаңа объектілер салынған жағдайда қоршаған ортаға әсерді бағалау құжаттары тиісті жергілікті атқарушы және мүдделі мемлекеттік органдарға, сондай-ақ қозғалатын тараптарға қатар жіберіледі. Қозғалатын тараптардың органдарымен консультацияларды ескере отырып, қоршаған ортаға әсерді бағалауды өткізу мерзімі шамамен 6 айды (180 күн) құрайды. Бұл Қоршаған ортаға әсерді бағалау хаттамасында және Экология Кодексінің 81-бабының 7-тармағында айқындалған», - деді министр.
Оның сөзіне қарағанда, қоғамдық тыңдауларда көтерілген мәселелер бойынша түпкілікті шешімді қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган қабылдайды.
«Хаттаманы ратификациялау теріс әлеуметтік-экономикалық, құқықтық, экологиялық салдарға әкеп соқтырмайды. Республикалық бюджеттен қосымша қаржылық шығындарды қажет етпейді», - деді ведомство басшысы.