Бүгін Құрық ауылында "Аксон мед" оңалту орталығының ресми ашылуы болды. Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған Маңғыстау облысы әкімдігінің “Ел игілігі үшін” жобасы аясында ашылған "Аксон мед" оңалту орталығының салтанатты ашылу рәсіміне аудан, облыс деңгейіндегі басшылар, депутаттар, аудан тұрғындары және БАҚ өкілдері қатысты.
Жиынды құттықтау сөзбен ашқан Қарақия ауданының әкімі Қыдырберді Беков ел үшін игі іс жасаған кәсіпкер Самат Мұхановқа алғыс білдірді. Бұдан соң Жетібай ауылындағы жеке меншік емхана директоры, ардагер дәрігер Есболай Есенқосов көпшілік қауымды бүгінгі қуанышымен құттықтап, оңалту орталығына сәттілік тіледі.
Көп жылдар Қарақия орталық ауруханасын басқарған, бүгінде білікті дәрігер Жамал Шоланова мен Нұр Отан партиясы ҚАФ жанындағы ардагерлер кеңесінің төрағасы Күреңтай Ізбергенов жаңа орталықтың лентасын қиды.
Ақсақалдар бата беріп, әжелер шашу шашқаннан кейін қонақтар кезекпен ішке кіріп, орталықтың қызметімен танысты. Жиналған көпшілікке Маңғыстау облыстық филармония әншісі Екпін Толқынхан әсем ән арнап, "Жорға" би ансамблі өз өнерлерін көрсетті.
"Аксон мед" оңалту орталығы түрлі операциядан кейінгі және жүрек- қан тамыр, бел-омыртқа аурулары мен спорттық жарақаттарды оңалту, қалпына келтіру қызметін көрсетеді. Оның ішінде түрлі қимыл-қозғалыс жаттығулары, сумен, токпен, парафинмен, тұзбен емдеу, физиотерафия қызметтері бар. Оңалту орталығының ғимараты кең, жарық, заманауи талапқа сай құрылғылармен жабдықталған, 200 пациент қабылдауға мүмкіндігі бар. Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында ашылған орталық ел игілігіне бұйырсын!
Шынар Кендін