Қазақстандық музыкант Иманбек Зейкеновтың SAINt JHN атты әншінің Roses әніне жазылған ремиксі Grammy сыйлығын жеңіп алды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап.
Бұл жайында аталмыш сыйлықтың Twitter парақшасында хабарланды. Ол төрт үміткердің ішінен қара үзіп шыққан.
Кейіннен рэпердің өзі Instagram парақшасында видео жариялады.
Сыйлықты алған сәтінде ол ең алдымен ата-анасына, командасына, менеджеріне және осы сыйлыққа лайық деп тапқан Grammy қазыларына алғысын жеткізеді.
«Әр музыканттың карьерасындағы ең керемет сәт - Grammy сыйлығын иелену. Біз осы жетістікке қол жеткіздік!» деп жазады Иманбек Зейкенов.
Таяуда көпшілікке диджей ретінде танылған жерлесіміз Imanbek Rita Ora және David Guetta сияқты әлемге әйгілі музыканттармен бірге ән жазған болатын.
Айта кетейік, Roses ремиксімен әлемдік музыка чарттарында суырылып алға шыққан Иманбек Зейкенов ата-анасымен бірге Павлодар облысының Ақсу қаласында тұрады.
Өзінің айтуынша, ол ән әрлеуді жергілікті диджейлер мен продюсерлерден және Youtube желісіндегі видеосабақтан үйренген.
Өткен жылдың желтоқсанына дейін ол жергілікті темір жол стансасында жұмыс істеді. 2019 жылдың жазында Иманбек Saint Jhn атты рэпердің Roses атты әнін тауып, соған ремикс жазуды қолға алады.
Бұл композиция үш жыл бұрын шығып қойған болатын. Иманбек әнге ремикс жазып, оны әлеуметтік желіге жариялады. Арада бірнеше ай өткенде ол поп жұлдызға айналды.
Тіпті, Американың The New York Times газетінде Иманбек жайлы мақала да жарияланды.