Кеше облыс әкімінің орынбасары Б.Орынбасаров және облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы Ж.Тоқбаева бастаған жұмыс тобы Ақтау қаласындағы "Асар-С" және "Көк-базар" сауда орындары мен жәрмеңкені, Мұнайлы аудандағы орталық базар мен жәрмеңкелерді аралап, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына мониторинг жүргізді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жұмыс барысында, облыс әкімінің орынбасары қаламыздағы көтерме бағада өткізетін ірі сауда нысандарына көкөніс өнімдерін жеткізумен айналысатын кәсіпкерлермен кездесіп, көкөніс өнімдерінің бағаларын негізсіз өсірмеу жөнінде ескерту жасады. Сондай-ақ, күн сайын тұрақты түрде ірі сауда нысандарына мониторинг жүргізілетіндігін де айтып өтті.
Өңірге азық-түлік тауарларының кейбірі өзге аймақтардан әкелінетіндіктен азық-түлік тауарларының бағалары маусымдық кезеңге байланысты ауытқып тұрады. Елімізде ауа райының күрт салқындауына орай, картоп, көкөніс өнімдері егін алқабындағы резервтерде азаюуы орын алуда. Соның салдарынан ірі сауда нысандарына көкөніс өнімдерінің Ресей, Иран елдерінен жеткізілуіне байланысты көкөніс өнімдерінің бағаларында өзгеріс бар, делінген хабарламада.