Бұл туралы бүгін аймақ басшысы Серікбай Трұмов 2021 жылы облыс экономикасының негізгі секторларын дамытуға арналған жиын барысында айтты.
Инвестиция және туризм бағыты бойынша осы салаға жетекшілік ететін басқарма басшысы Венера Мұстапаева баяндама жасады. Оның айтуынша, 2021 жылға туризмді дамытудың негізгі индикаторы демалуға келгендер (қонақ үйлерге және т.б.). Сарапшылардың алдын ала жоспары бойынша, биыл өңірге 180 мыңға дейін турист келуі мүмкін. Сондықтан осы жылға жоспарланған барлық жобаларды уақытылы іске қосу маңызды. Облыс әкімі бұл мәселеге қатаң бақылау жүргізуді, сондай–ақ шетелдік инвесторлармен қатар, жергілікті инвесторларға да барынша қолдау көрсетуді тапсырды. С. Трұмов өткен жылы аяқталмаған жобаларды биыл іске қосу қажеттігін баса айтты.
Естеріңізге сала кетсек, өңірде 2021-2024 жылдары туризм саласы бойынша 12 жобаны жүзеге асыру жоспарланған, оның аясында 2 590 жаңа жұмыс орны ашылады. Осы жобалардың алтауы биыл басталмақ. «Жылы жағажай» аумағында 4 жоба орналасады.
Ал Түпқараған ауданында "Сартас визит-орталығы" құрылысының жобасын жүзеге асыру жоспарланған. 2021 жылы Маңғыстау облысында 322,4 млрд теңгеге 20 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда. Бұл 1800-ден астам адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді.