Ақпан айының 12-14 аралығында Ақтау қаласы ПБ криминалдық полиция қызметкерлері “Stop-трафик” жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізді, деп хабарлайды МО полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Аталған шараның басты мақсаты – адамдарды сатумен байланысты қылмыстарды анықтау және жолын кесу. Жедел-алдын алу іс-шарасын өткізу барысында пәтерлерді жалға беретін адамдар, ойын-сауық орындары, монша кешендері, сауналар мен қонақ үйлер және өзге де объектілер тексерілді.
13 ақпан күні қала аумағындағы “Оазис” тұрғын-үй кешенінде боди-массаж қызметін көрсеткен притон анықталды. Аталмыш интимдік қызметті көрсеткен жеті азаматша анықталып, ұсталды. Ұсталған азаматшалардың барлығы Алматы қаласының және Оңтүстік Қазақстан облысының тұрғындары. Пәтер иесіне қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 450-бабы (Көрінеу жезөкшелікпен айналысу немесе жеңгетайлық үшін үй-жайлар ұсыну) бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Ұсталған азаматшалар есепке қойылды, делінген хабарламада.