Ақтау қаласындағы NIS–те әжелерден құралған «Әжеден ғибрат» клубы өз жұмысын бастады. Ерекше клуб мүшелері жас ұрпаққа салт-дәстүрді ұстанудың маңызын түсіндіріп, ұлттық құндылықтарды ұлықтауды мақсат етеді. Клуб мүшелігіндегі әжелер мектеп оқушыларына танымдық сабақтар өткізіп, балаларға ұршық иіруді, балқаймақ қайнатуды тәжірибе жүзінде көрсетеді.
16 ақпан күні клуб мүшелері онлайн платформада бас қосып, алғашқы кездесуді өткізді. Кездесу барысында білім ордасындағы 7-сынып оқушысы Зере Құрманбайдың әжесі Рысты Дюмбаева ұршық иіру жолдарын көрсетті.
Қазіргі таңда клуб мүшелігінде 11 7-8 сынып оқушыларының әжелері бар. Олар әзірге үш бағытта: «Халқын сүйген, салтын сүйер», «Он саусағынан бал тамған», «Қазақ – қонақжай халық» тақырыптарында жұмыс істейді. Клубқа тәжірибе бөліскісі келетін кез келген әже мүше бола алады, - дейді жоба идеясының авторы, педагог-куратор Сайра Сәрсенова.
Алғашқы отырыста клуб жұмысының жоспарын бекітілді. Енді ақпан айының аяғында әжелеріміз екі шеберлік сағатын өткізетін болады. Клуб әжелері қыз балаларға ұлттық сусындар мен тағамдарды дайындау әдістерін меңгертуді, киіз үй жабдықтарын жан-жақты таныстыруды, іс тігуді, тоқыма тоқуды, ою оюды, қонақ күту, ас табағын рәсімдеу ережелерін, ырым-тыйымдардың мазмұнын түсіндіруді, жеке күтім жасаудың ұлттық негіздерін үйретуді міндет қылып алып отыр.