ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің ҚР ҚПК-нің 200-бабының тәртібімен енгізілген ұсынысы Мұнайлы ауданы әкімдігі өткізген шұғыл мәжілісте қаралды.
Мәжіліске Департамент басшысы Б.Жылқыбаев, басшының бірінші орынбасары Қ.Мырзағали, тергеуші А.Абдулов, Мұнайлы ауданы әкімінің орынбасары Б.Жолдыбаев пен мамандары қатысты.
Онлайн жиында «Мұнайлы ауданы әкімінің аппараты» ұйымдастырған мемлекеттік сатып алу конкурсындағы лотты өзінің қызметтік жағдайын пайдаланып, заңды некедегі жолдасына алып берген бөлім басшысы мен оған көмектескен бас маманның іс-әрекеті қаралды. Аталған заң бұзушылықтар істі тергеп-тексеру барысында анықталған.
Жиында Мұнайлы ауданы әкімдігінде орын алған заң бұзушылықтар бойынша тиісті бақылау жүргізбеген әкімдік басшылығының тәртіптік жауапкершілігін қарап, тиісті шара қолдану, сыбайлас жемқорлық жағдайын туғызуға ықпал еткен бөлім басшысы мен бас маманның қызметіне сәйкестігін шешу және қызметкерлер арасында заң бұзушылықтарды болдырмау мақсатында алдын алу жұмыстарын жүргізу ұсынылды.
Жиында Департамент тарапынан Мұнайлы ауданы әкімдігінің қызметкерлерінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес заңнамасының талаптарын бұлжытпай орындауына бұдан әрі де көңіл бөлінетіні айтылды.
Айта кетейік, ҚР ҚПК-нің 200-бабының тәртібімен енгізілген ұсыныстар сыбайлас жемқорлық деректерінің алдын алудың және болдырмаудың мақсатында жүргізіледі.