«Ауыл» халықтық демократиялық патриоттық партиясының Маңғыстау облыстық филиалының ұйымдастыруымен ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттығына кандидат Кенжеғали Машырықов пен Маңғыстау облысы мəслихатының депутаттығына кандидат Қуанышбай Озғамбаев, партияның сайлауалды штабының жетекшісі Аллаберген Қонарбаев бастаған партия белсенділері Қарақия ауданы, Тасболат жеріндегі "Нысан" шаруа қожалығында болды.
Шаруа қожалығының иесі Амалбай Нысанов аталмыш қожалықты 2014 жылы бастап қолға алған. Бұл күндері 15-ке жуық адамды жұмыспен қамтып, 200-ден астам қой-ешкі, 10-ге жуық жылқы, 150-ден астам түйе өсіріп отыр. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттығына кандидат Кенжеғали Машырықов пен Маңғыстау облысы мəслихатының депутаттығына кандидат Қуанышбай Өмірзақұлы ауыл шаруашылығын дамыту бағытындағы ой-пікірлерін ортаға салды. Əңгіме барысында қожалық иесі Амалбай Нысанов бүгінгі таңдағы ауыл шаруашылығының негізгі мәселелерін, соның ішінде шөп жəне жем өнімдерінің қымбатшылығын алға тартты. Аталмыш мәселені партия белсенділері алдағы уақытта тиісті орындарға жеткізетінін айтты. Мұндай кездесулер алдағы уақытта басқа да шаруа қожалықтарында өткізілмек.
Жайық НАҒЫМАШ