Еліміздегі ірі логистикалық байланыс торабы - «Құрық порты» ұжымы мен «Nur Otan» партиясының облыстық және аудандық сайлауалды штаб мүшелері ZOOM платформасы арқылы онлайн байланысқа шықты.
Елбасының 2014 жылғы 11 қарашадағы "Нұрлы жол – болашаққа бастар жол" атты Қазақстан халқына Жолдауы аясында ірі бизнес-транзиттік аймақтық хабқа айналдыру тұрғысынан, сондай-ақ «Жаңа Жібек жолы» жобасы шеңберінде «Құрық порты» құрылған болатын. Бүгінде порт айлағы астық, тыңайтқыштар, мұнай өнімдері, химиялық заттар, халық тұтынатын тауарлар, машиналар мен түрлі жабдықтар және өзге де жүк түрлерін тиеп-түсіруге негізделген қолайлы нысан саналады.
Жалпы Қарақия ауданында 2 ірі логистикалық байланыс торабы бар. Оның бірі - «Құрық» теңіз порты, екіншісі - «Болашақ» темір жол стансасы. Халықтың әл-ауқатын жақсарту, экономиканы ілгерілету мақсатында шекараның орналасу әлеуетін және Қарақия аймағындағы өнеркәсіптік өндірістің артықшылықтары пайдаланылады. Құрық ауылында сақтау көлемі 3,9 млн. тонна болатын теңіздік операцияларды қолдау базасы, жылына қуаттылығы 1,1 млн тонна болатын «Саржа» көп салалы логистикалық орталығы (қойма ғимараты) бой көтереді. Осы жылдан бастап «Жеңіс» кен орнында барлау жұмыстары басталады. Бұл шаралар нәтижесінде тасымалданатын жүк көлемі 2 есеге артады.
Жайық НАҒЫМАШ