Қанынан АИТВ инфекциясы табылғанын алғаш рет естіген адамның қандай күй кешетіні белгілі. Ауыр жағдайға, жазылмас дертке тап болдым деп ойлаған науқастардың көбісі күйзеліске түседі. Жылап, қобалжып, өзін-өзі жазғыруы мүмкін, үйінде жанжал тууы да ғажап емес. Мұндай қиын жағдайда адам өзін қалыпқа келтіріп, толыққанды өмір сүруін жалғастыра беруі үшін психологтың көмегі қажет көрінеді.
Бұл туралы ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі облыстық орталықтың психолог маманы Гүлдана Шағадамбаева айтты.
- Психологтың негізгі мақсаты - науқасқа шешім қабылдауға, әрекет етуге, өзгертуге және өз қабілеттерін іс жүзінде жүзеге асыруға тура келетінін түсінуге көмектесу, - деді ол.
- Сондықтан психологиялық дағдарысқа тап болған науқастарға консультация барысында науқастарға ақпараттық-психологиялық қолдау көрсетіледі және позитивті өмір салтын қалыптастыру, психоэмоционалды жағдайды түзету, өзін-өзі реттеу дағдыларын қалыптастыру бағытында жұмыстар жүргізіледі. Сонымен қатар оларды тыңдап, сұрақ-жауап әдістерімен жұмыс жасалады. Психологиялық көмек көрсету барысында әдістер бірнеше салаға жіктеледі. Бұлар— ақпараттық-психологиялық қолдау көрсету; психологиялық қолдау, өзін-өзі реттеу дағдыларына қалыптастыру, психо-эмоционалды жағдайды түзету, позитивті өмір салтын қалыптастыру үшін науқасты жеке қабылдау; «Болжам-2», «Өзгерістер жоспары» әдістерімен жұмыс жасау; телефон арқылы кеңес беру; электронды форматтағы кітаптар таныстырылымы, бейне релаксациялық роликтер, үлестірме материалдар арқылы ақпараттандыру; қарым-қатынас құралдарын қолдана отырып, науқастардың біліктілігін арттыру мақсатында Whatsapp желісіндегі видео арқылы ақпараттық-психологиялық қолдау көрсету.
Г.Шағадамбаева жеткізген мәліметке сүйенсек, биыл тіркелген және де диспансерлік есепте тұрған науқастарға 103 психологиялық кеңес берілген. Бүгінде диспансерлік есепте 244 адам тіркелген. Оның ішінде ер адам саны — 167, әйел - 77, балалар - 4. Психологиялық көмек көрсету барысында антиретровирусты терапиядан бас тартып жүрген науқастарға да жүйелі түрде ақпараттық-психологиялық қолдау көрсетіледі. Сонымен қатар диспансерлік есепке тұрудан бас тартқан науқастарға да мамандармен бірге арнайы кесте бойынша іздестіру жұмыстары жүргізіледі. Ондағы мақсат — АИТВ вирусы таралуының алдын алумен қатар оны жұқтырған науқастарды қоғамдық ортадан бөлектемей, қалыпты өмір сүруге, ең бастысы, психологиялық күйзеліске ұшырамай қалыпты өмір сүруге бағыттау.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА