3 желтоқсан күні Нұр-Сұлтан қаласында мемлекеттік хатшы Қырымбек Елеуұлы Көшербаевтың төрағалығымен саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия отырысы өтті. Алқалы жиында өзекті мәселелер көтеріліп, жұмыс жоспары нақтыланды. Сондай-ақ саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау мәселелері жөніндегі өңірлік комиссияларды құру және олардың жұмысын ұйымдастыру, азаматтардың ақталмаған санаттарының жаңа есімдерін анықтау бойынша тұрақты жұмыс істейтін экспедициялар ұйымдастыру, елдің қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтарын жаппай жерлеу карталарын жасау секілді бірқатар тапсырмалар берілді.
Осы ретте бүгін Ақтауда өткен жиында енді құрылғалы жатқан комиссияның құрамына ұсыныстар енгізілді. Онда алдағы уақытта қандай жұмыстарды атқаратынын талдау мақсатында зерттеу жұмыстарын жүргізіп жүрген мамандар мен ғылыми қызметкерлердің пікірі тыңдалды.
Басқосу Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Гүлмира Қалмұратованың төрағалығымен өтті. Аталған іс-шарада саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның мүшесі, республикалық “Ардагерлер ұйымы” қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары Өмірзақ Озғанбаев бастаған зиялы қауым өкілдері тақырыпқа қатысты ойын ортаға салды.
Жиынға қатысушылар бұл бастаманың ел мен ұлттың болашағы, келешек ұрпақ үшін аса маңыздылығына тоқталып, өңірлік комиссияның алдағы жұмыс жоспарына өзіндік ұсыныстарын жеткізді.