Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Каспий теңізіндегі жабайы үйректерге қатысты оқиға туралы түсініктеме берді.
Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің қоғаммен байланыс департаментінің директоры Самал Ибраева моторлы қайықта отырған бірнеше адамның жабайы үйректерді суға батырып жатқаны туралы видеоға қатысты пікір білдірді.
Оның айтуынша, бұл бейнежазбаны Экология министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті ішкі істер департаментіне мән-жайды түсіндіру және адамдардың кім екендігін анықтау үшін жіберді.
«Бұл дегеніңіз масқара! Қарап отырып, адамның жүрегі ауырады. Бұл адамға тән қасиет емес! Мұндай жағдайда экологиялық мәдениет деңгейі туралы айтудың өзі артық! Енді мұндайға жол берілмеуі керек! Мұндай әрекет үшін жазалау керек!», - дейді департамент директоры.
Ол мұндай жағдайға куә болғанда не істеуге болатыны туралы кеңес берді.
«Жан-жануарға, табиғатқа қиянат жасау сияқты жағдайға куә болсаңыз, міндетті түрде бейнежазбаға ма, суретке ме түсіріп алып, бізге хабарлаңыз. Менің нөмірім: +77017932418. Мұндай жағдайларға немқұрайлы қарауға болмайды! Күш біріктіру арқылы ғана табиғатқа деген осындай қарым-қатынасты түп-тамырымен жоюға болады», - дейді Самал Ибраева.
Айта кетейік, бүгін әлеуметтік желілерде Каспийдегі жабайы үйректерді қайықпен қаққан адамдардың видеосы тарап кеткен болатын.