Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына, өсіп-өркендеуіне, халықтар арасында достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан айрықша үлесі үшін бірқатар азаматтар марапатталды. Бұл туралы Ақтау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Шаһар басшысы Нұрдәулет Қилыбай қалалық мәслихаттың шешіміне сәйкес, Мемлекеттік және қоғамдық қызметте сіңірген еңбегі үшін 10 адамға «Ақтау қаласының құрметті азаматы» атағын табыстады.
Олардың қатарында ақын, ҚР Еңбек қайраткері Сабыр Адай, Дарын мемлекеттік сыйлығыны лауреаты, Құрмет орденінің иегері, жазушы Светқали Нұржан, ардагер журналист Тамара Павленко бар.
Салтанатты шарада сөз алған Нұрдәулет Қилыбай көк байрағы желбіреген, айбынды, берекелі, бірлігі жарасқан Қазақстанның тәуелсіздігінің 29 жылында жеткен жетістіктеріне тоқталып, ұлы дала елінің ұлық мерекесі Тәуелсіздік күнімен құттықтады.
«Сіздердің еңбек жолдарыңыз бізге - өнеге, келер ұрпаққа үлгі. Бүгінгі мәртебелі марапаттарыңызбен құттықтай отырып, деніңізге саулық, отбасыңызға амандық тілеймін», деп өз алғысын жеткізді.
Сондай-ақ, шара барысында ақын Есенғали Раушанов өз құттықтауын жеткізіп, ақжарма тілегін білдірді.