Түпқараған ауданының орталығы Форт-Шевченко қаласында қала тұрғындарын қолжетімді бағада сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында алғашқы вендинг аппараты қойылды. Бұл туралы Түпқараған ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлайды.
Ауыз суды сатып алушының ыдысына құйып беретін автоматты вендинг аппараты 1 литр көлеміндегі су ыдысы мен 19 литрлік ыдыс көлеміне дейін қабылдайды. Су тапшылығын болдырмау және тұрғындарды арзан әрі таза ауыз сумен қамту үшін орнатылып жатқан аппараттың иесі Мақсат Әділханов алдағы уақытта да ауданның бірнеше елді мекені мен бірнеше нүктесіне аппараттарды қою жоспарымен бөлісті:
- Халықтың судың дәмі мен түсіне деген наразылықтарын әлсін-әлсін байқап отырамыз. Сосын, қолдан келетін қызметімізді ұсыну үшін, «Aqbulaq» атауымен осындай аппарат әкеліп орнаттық. Бұл бастамасы ғана. Аппарат қазір қаладағы көпқабатты тұрғын үйлер орналасқан аумаққа қойылды. Қала тұрғындары жақсы білетін «Қарлығаш» дүкенінің жанында. Алдағы уақытта аппараттарды Ақшұқыр мен Сайын ауылдарына да орнату жоспары бар. Басты мақсат – халықты денсаулығын сақтау, суды таза және арзан бағада беру. Халық 5 литрлік суды дүкеннен 380-400 теңгеден сатып алуда. Ал, аппарат арқылы 100 теңгеден ғана сатып ала алатын болады,- дейді кәсіп иесі.