©
ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой коронавирус індетінің жаңа толқыны елімізде үш сценарий бойынша өрбуі мүмкін екендігін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Болжамға сәйкес, Қазақстандағы эпидемия үш сценарий бойынша дамуы мүмкін. Ол күнделікті түзетіліп отырады. Атап айтқанда, пессимистік сценарийге сәйкес, маска режимі тек 60 пайыз қамтамасыз етілгенде 2020 жылдың қазан-желтоқсанында тіркелген жағдайлар саны шамамен 190 мың адамды құрап, 65 мың адам ауруханаға жатқызуды қажет ететін болады. Локдаун енгізу желтоқсан айының ортасына болжанады», - деді министр Ақордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен кеңесте.
Оның атап өтуінше, екінші шынайы сценарий бойынша әлеуметтік арақашықтық шаралары қамтамасыз етіліп, маска режимі 70 пайызға орындалған жағдайда 2020 жылдың қазан-желтоқсанында тіркелген жағдайлар саны шамамен 90 мың адамды құрайды. Ал ауруханаға жатқызуды қажет ететін науқастар саны 30 мың адам болады. Мұндай жағдайда локдаун 2021 жылдың қаңтарында енгізілуі мүмкін.
«Арақашықтық ережесі сақталып, маска режимі 100 пайыз қамтамасыз етілген жағдайда бізге ең жоғары төсек-орын қоры деңгейінің 70 пайызына жеткен кездегі іс-әрекет қолданылатын қатаң карантинге жүгіну қажет болмайды. Осы оптимистік сценарий кезінде, 2020 жылдың қазан-желтоқсанында тіркелген жағдайлар саны шамамен 40 мың адамды құрап, 15 мың адам ауруханаға жатқызуды қажет етеді», - деді Алексей Цой.