Облыс әкімі Серікбай Трұмовтың төрағалығымен құрылыс және автомобиль жолдарының даму перспективалары мәселелеріне арналған жиын өтті. Басқосуда басқарма басшылары 9 айда атқарылған жұмыстар мен атқарылатын жобалар туралы баяндады. Бұл туралы Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Алдымен облыстың құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Шабай Тәжіғараев өңірде жүргізіліп жатқан құрылыстар бойынша ақпарат берді.
Аймақта биыл 8 айдың қорытындысы бойынша 807,765 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, көрсеткіш – 101,5% құрады, 9 айдың қорытындысы бойынша 932,6 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі деп жоспарлануда, көрсеткіш – 124,9 % құрайды. Жалдамалы тұрғын үйлер құрылысына және сатып алуға 2,9 млрд. теңге бөлінді. Жыл соңында 23,5 мың ш.м. құрайтын 419 пәтер пайдалануға беріледі деп күтілуде. Оның 215 пәтері көпбалалы отбасыларға тапсырылады.
Несиелік тұрғын үйге келетін болсақ, жыл қорытындысы бойынша:
- Аққу ықшамауданында 447 пәтерлік 2 үйдің құрылысы аяқталады;
- 18 шағынауданда 180 пәтерлік 4 үйдің құрылысы аяқталады.
Сонымен қатар, жыл соңына дейін 18 нысанның құрылысы аяқталады деп күтілуде. Бұл мектеп, полиция, ауыл әкімдігі ғимараттары, жылу желілерін қайта құрылымдау, су құбырлары мен электр желілерін салу және т. б.
Биыл «Жұмыспен қамту жол картасы» аясында қаржыландырылатын 2 жобаның орнына Жаңаөзен қаласының Теңге ауылында газ, электр және су құбыры желілерін салу бойынша дайын жобалар ұсынылды. "Жұмыспен қамтудың жол картасы" бағдарламасы аясында 172 нысанның құрылысы жүргізілуде. Бүгінгі таңда оның 82 нысанының құрылысы аяқталды.
Сонымен қатар, жиында Автомобиль жолдарын салу және жөндеу бойынша атқарылған жұмыстар туралы Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының міндетін атқарушы Абай Тұралханов баяндама жасады.
Маңғыстау облысының жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 2948 шақырымды құрайды. Оның ішінде:
Республикалық маңызы бар - 1020 ш.қ,
облыстық және жергілікті маңызы бар - 1928 ш.қ.
Өткен жылы 107,7 ш.қ жолға асфальт төселді. Бұдан басқа, ұзындығы 150 ш.қ 4 жоба аяқталды, олар: "Құрық - Құрық порты" (22 ш.қ) және "Шетпе - Үштаған" (54 ш.қ), "Ақтау - Форт - Шевченко - Қаламқас кен орны" (88-154 ш.қ.) автожолдарын қайта жаңарту, "Онды кентіне кіру" жолдарды орташа жөндеу (8 ш.қ).
Осы жылы 217,4 шақырымды қамтитын 7 автомобиль жолдарының реконструкциясы мен жөндеу жұмыстарын аяқтау жоспарланды.
Атап айтқанда: Реконструкция: «Ата жолы» 1-кезең (51 ш.қ), «Ата жолы» 2-кезең (46 ш.қ), «ХГМЗ жол қиылысынан №23, 24, 28 «А» шағын аудандарының қиылысына дейінгі жалпы ұзындығы 7,0 км №55 автожолын қайта құрылымдау (7 ш.қ).
Орташа жөндеу: «Тұщықұдық ауылына кірме жол» (29 ш.қ), «Форт-Шевченко-Таушық» автомобиль жолының 0-52 км учаскесін орташа жөндеу (52 ш.қ), «Қызан-Ақшымырау» автомобиль жолын орташа жөндеу (14,7 ш.қ) «Қызылсай-Сенек» автомобиль жолын орташа жөндеу (17,7 ш.қ),
Орташа жөндеу: Шетпе-Тиген трассасы (21 ш.қ).
Сондай-ақ, биыл 95,2 шақырымды қамтитын 12 жаңа жобаның жұмысы басталды.
Айта кетейік, "Жұмыспен қамтудың жол картасы" бағдарламасы аясында 30 жоба жүзеге асырылып, 1382 арнайы маман жұмысқа тартылған. "Ауыл – ел бесігі" бағдарламасы аясында Бейнеу, Ақшұқыр, Қызылтөбе, Баянды, Басқұдық ауылдарында ұзындығы 46,1 км жол салынады, сондай-ақ 47,4 ш.қ жолға орташа жөндеу жүргізіледі.
Өткен жылы жоба аясында Бейнеу, Шетпе және Маңғыстау ауылдарында 24,3 шақырым жол орташа жөндеуден өтті, Маңғыстау ауылында 7,5 шақырым жаңа жол салынды.