Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Маңғыстау облысы бойынша өкілдігінің ұйымдастыруымен, облыстық орталық «Бекет ата» мешітінде ҚМДБ-ның 30 жылдығына орай «Әдемі әуезді азаншы» IV республикалық азаншылар жарысына өңірлік іріктеу сайысы өтті. Бұл туралы Маңғыстау облыстық «Бекет ата» мешітінің баспасөз қызметі хабарлады.
Іріктеу кезеңінің шымылдығы қасиетті Құран аяттарымен ашылғаннан кейін, ҚМДБ-ның Маңғыстау аймағы бойынша бас имамы Әнуар Ізімбайұлы азанның қадір-қасиеті мен бүгінгі іс-шараның маңыздылығына тоқталып, жарысқа қатысып отырған азаншыларға сәттілік тіледі.
Азаншылар жарысына ҚМДБ-ның Маңғыстау облысы бойынша бас имамы Әнуар Ізімбайұлының төрағалығымен құрамында РАНТ мүшесі, Маңғыстау облысы бойынша пәтуа бөлімінің жауапты маманы, облыстық орталық «Бекет ата» мешітінің наиб имамы Юнус Асга, облыстық орталық «Бекет ата» мешітінің азаншысы, республикалық азаншылар сайысының жеңімпазы Али Қазақ, облыстық орталық «Бекет ата» мешітінің ұстазы Марат Садырбаев және арнайы шақырылған қонақ, Нұрмұхан Жантөрин атындағы музыкалық драма театрының актері Тоқтамұрат Тілеу сынды азаматтардан құрылған қазылар алқасы төрелік етті.
Аталмыш жарысқа өңіріміздің түкпір-түкпірінен жиналған 12 азаншы қатысып, облыстық орталық «Бекет ата» мешіті азанның әсем үніне толды.
І орынды және республикалық деңгейде өтетін азаншылар жарысына жолдаманы Жаңаөзен қалалық «Әбіш қожа» мешітінің азаншысы Әбдімүтәліп Жорақұлұлы жеңіп алса, екінші орынды облыстық орталық «Бекет ата» мешітінің азаншысы Рахымжан Жолдасов және үшінші орынды облыстық орталық «Бекет ата» мешітінің наиб имамы Әлбетов Еркеғали иеленді.
Іріктеу сайысында жүлделі орын алған азаншыларға сый-сияпаттар берілді. Сондай-ақ, қазылар алқасының мүшесі Тоқтамұрат Тілеу қатысушылардың тарапынан кеткен кемшіліктер туралы айтып, келешекте өтетін азан жарыстарына қатысты ұсыныстарын айтты.
Айта кетейік, аталмыш іс-шара барлық санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтай отырып өткізілді.