Кеше Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмов жұмыс сапарымен Маңғыстау ауданына барды. Өңір басшысы Шетпе ауылында «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан бірқатар әлеуметтік нысандардың жөндеу жұмыстарымен танысты. Бұл туралы Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Сонымен қатар, жұмыс барысында «Көгез» этно ауылында облыс әкімінің төрағалығымен ауыл шаруашылығын дамыту мәселелері бойынша көшпелі кеңес өтті.
Алдымен аймақ басшысы «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында жүріп жатқан 150 орындық аудандық аурухананың жұмысымен танысты.
Бұдан кейін облыс әкімі Шетпе ауылында жөндеу жұмыстары жүріп жатқан орталық стадион мен саябақтың жөндеу жұмыстарымен танысты. Орталық стадионда ұзындығы 130 ені 120 метр болатын футбол алаңы жасақталуда. Сонымен қатар, соңғы үлгідегі жүгіру жолдары төселуде. Күрделі жөндеу жұмыстары «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында ағымдағы жылдың мамыр айында басталды. Нысанды осы жылдың қазан айының соңына дейін пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Шетпе ауылындағы орталық саябақта да жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Аумағы 10 га болатын саябақта амфитеатр, екі субұрқақ, биіктігі 25 метр тутұғыр салынып, 2000 дана ағаш отырғызылады. Сонымен қатар, Отан соғысына қатысқан батырлардың есімдері жазылған мемориалдық тақта орнату жоспарлануда. Нысан жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Өңір басшысы жұмысты сапалы орындауды және нысанды тапсыру мерзімін сақтауды тапсырды.
Бұдан кейін С. Трұмов аудандық жасөспірімдерге арналған күрес залында болды. Мұнда 2020 жылдың мамыр-шілде айларында ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бүгінде күрес залында ауыл балалары тұрақты спортпен шұғылдануда.
Сонымен қатар, «Көгез» этно ауылына Ауыл шаруашылығын дамыту және Үстірттегі бос жайылымдық аумақтарды игеру мәселелері бойынша кеңес өтті.
Бүгінде Маңғыстау облысында 2,3 миллион ұсақ мал бар. Белгіленген норматив бойынша бір ұсақ малға 3 га жайылым қажет. Демек, барлық мал басына 6,9 млн га жайылым қажет. Яғни, алыс жайылымдарда мал шаруашылығын дамытуды бастау қажет. Атап айтқанда, Үстірт үстіндегі бос жерлерді жайылымға пайдалану керек. Бүгінгі таңда Үстіртте 900,0 мың га бос жер бар. 225,0 мың га – Қарақия ауданына, 675,0 мың га-Маңғыстау ауданына тиесілі. Жиында шаруашылықтарды Үстірттің бос жерлеріне көшіруді ұйымдастыру қажеттілігі атап өтілді. Үстірт жері құнарлы, 30 м тереңдікте су көздері бар. Сонымен қатар, қыста азық дайындауға көптеген мүмкіндіктер бар. Осы шараларды ұйымдастыру кезінде мемлекет тарапынан қолдау (кредиттер, субсидиялар) көзделетін болады.
Көшпелі жиында Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Серік Қалдығұл 2020 жылға арналған жоспарға сәйкес агробизнесті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында ауыл шаруашылығы өндірушілерін қолдауға 1,6 млрд теңге қарастырылғанын атап өтті. Бүгінгі таңда 538 миллион теңге игерілді, 298 ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге қолдау көрсетілді.
Осыдан кейін облыс әкімі С.Трұмов Шетпе ауылындағы Ардагерлер үйінде арнайы барып, ауыл ақсақалдарымен дидарласты. Кездесуде аймақ басшысы облыс көлемінде жасалып жатқан әлеуметтік мағызы бар мәселелермен бөлісіп, аудан ақсақалдарының көкейінде жүрген ұсыныс-пікірлерін тыңдады.