Ақмаржан қала Ақтаудың 57 жылдығына орай, еліміздің кен байлығын игеруге атсалысып жүрген геологтар қауымының құрметіне тұңғыш рет аллея ашылды. Ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Ғалымжан Ниязов, қала әкімі Нұрдәулет Қилыбай, ардагер геолог-барлаушылар, Қазақстан мұнайшы-геологтар қоғамының президенті Балтабек Қуандықов және арнайы Теміртау қаласынан келген Ақтау кентінің әкімі Алтынбек Есмұрзаев бастаған делегация қатысты.
Ақтау кентінен келген делегация қаланың 57 жылдық мерейтойымен құттықтап, шаһар тұрғындарын мерекемен құттықтады.
"Нұрдәулет Игілікұлының шақыруымен арнайы келдік. Бүгін ерекше күн. Екі Ақтаудың әкімдері кездесті. Алдағы уақытта тығыз әріптестік қарым-қатынаста болмақпыз. Бүгін екі өңірдің арасында сауда және экономикалық қатынастарды орнату, білім, мәдениет, денсаулық саласында ортақ жобаларды іске асыру мақсатында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қоямыз. Ақтау қаласының мерейтойымен құттықтаймын! Бірлігіміз арта берсін", - деді Алтынбек Есмұрзаев.
Архитектуралық нысанда бұрғылау, мұнай алу қондырғысы, геологтардың атрибуты: балға мен табылған тас композициясы бейнеленді. Маңғыстауда ашылған кен-орындарының тізімі мен атақты геолог-барлаушылардың есімдері жазылды. Аллеяның авторы ардагер Бейсенбай Бисенғалиев, ал құрылысын салуға Қазақстан мұнайшы-геологтар қоғамы мен өңірлік филиалының қызметкерлері мұрындық болды.
Шарада сөз алған облыс әкімінің орынбасары Ғалымжан Ниязов өңірдегі кен орындарының ашылуына тікелей атсалысқан геологтардың еңбегін атап өтті. Сондай-ақ, облыс басшысы Серікбай Трұмовтың құттықтау хатын жетізді.
«Қойнауы құтқа толы «майлы қиян» Маңғыстауда ашылған кен орындарының 90%-дан астамын жер қойнауын пайдаланушылар игеруде. Аймақта көмірсутек шикізаты, қатты пайдалы қазбалар шығарылып, Қазақстан мұнайының 25 пайызы өндіріледі. 20-дан астам мұнайсервистік компания және 25 мұнай өндіру мекемелері жұмыс істейді. Аталған кен орындарының ашылуына, игерілуіне осы барлаушылар тікелей атсалысты. Сондықтан геологтардың, мұнаралар қасынан табылған құрыш білек мұнайшылар еңбегінің тек Маңғыстау облысында ғана емес, тұтастай республикамыздың экономикалық саласындағы ерекше рөлі мен маңыздылығын атап айтуға тиістіміз. Бүгін осы ардақты мамандық иелерінің құрметіне ашылған аллея алдағы уақытта қала тұрғындарының сүйікті демалыс орындарының біріне айналады деп ойлаймын. Ақтаудың мерейтойы болсын. Шаһарымыз көркейіп, жандана берсін», - деп Серікбай Өтелгенұлы өз алғысын жолдаған.
Шара соңында жиналғандар құрылысшылар аллеясының іргетасын қалау сәтіне куә болды. Алдағы уақытта бұл нысан да қала орталығындағы 12 шағынауданда орналасатын болады.