Жаңаөзенді көркейтіп, қаланың сәулетін арттыру мақсатында жұмыстар қолға алынды. Қаланың келбетін қалыпқа келтіру мақсатында «Көктем» шағын ауданындағы 68 үйдің қасбеті сырланып, қала кіреберісіндегі «Жаңаөзен» стелласына жарық шамдары орнатылды. Бұл туралы Жаңаөзен қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Әсет Баймағанбетов мәлім етті.
Оның айтуынша, биыл мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған 1,5 га тротуар орнатылды. Маңғыстау, Сәтбаев, Қосқұлақов көшесіндегі шамдар ауыстырылды.
«Қазіргі уақытта жеке құрылыс компаниялары «Көктем» және «Ақбұлақ» шағын ауданына көп қабатты тұрғын үй салу жұмысын бастады. Ал, қаладағы кейбір коммерциялық ғимараттар қайта жаңартылуда. Себебі, қаланың заманауи келбетіне бұл ғимараттардың сыртқы бейнесі маңызды рөл атқаратыны сөзсіз. Жаңаөзен қаласын егжей-тегжейлі жоспарлау жұмысына түзетулер әзірленуде. Бұл қала тұрғындары үшін демалыс орындары мен жолайрықтарды, жаңа жолдарды төсеу мен ескі шағын аудандарды жаңартуды, халықты жұмыспен қамту мен агрозонды-ауылшаруашылық кешендерін дамытуды қамтамасыз етеді»,- деді Әсет Баймағанбетов.
Айта кетейік, Жаңаөзенде қала тұрғындары мен қонақтарының жүрер бағытын дәлме-дәл көрсету үшін «2GIS» электрондық картасы іске қосылды.