Қала күні қарсаңында Ақтау қаласының әкімі Нұрдәулет Қилыбай «Жанұя» әлеуметтік қолдау орталығымен танысты. 29 шағынауданда орналасқан орталық тұрғындардың осал топтарына қолдау көрсетудің кешенді бағдарламасын жүзеге асыратын болады. Бұл туралы Ақтау қаласы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Мұнда әлеуметтік аз қамтылған, көпбалалы аналар жеке кәсібін ашуға, арнайы мамандардан қолөнерді, тігіншілік кәсіпті үйренуге, басқа да шеберлік сыныптарын өткізуге, өздерін толғандырған мәселелерге байланысты кеңес алуға барлық жағдай жасалған.
"Осы аталған бағыттардағы шаралар кешенін жүзеге асыруда орталықта психологтар, банк қызметкерлері, әлеуметтік қызметкерлер, заңгерлер мен медиаторлар көмек көрсететін болады. Сондай-ақ, жеңілдетілген несие, қайта даярлау және жұмысқа орналасу бойынша тегін кеңестер беру, әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақылар төлеу мәселелері бойынша түсіндіру, ақпараттандыру жұмыстары жүргізіледі", - деді қоғам белсендісі Анар Шамшадинова.
Шарада сөз алған шаһар басшысы орталықтың жұмысына сәттілік тілеп, маңыздылығын атап өтті.
«Мемлекетіміздің әлеуметтік саясатының басым бағыттарының бірі - азаматтардың әл-ауқатын жақсарту және кірісін арттыру. Себебі елдің тұтастығы, азаматтардың бақытты болуы, мемлекеттің келешегі - ең әуелі әрбір отбасының жағдайымен, елдегі отбасы институына қатысты хал-ахуалмен тығыз байланысты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында ашықтықты, әділеттікті және еңбекке ынталандыруды қамтамасыз ете отырып, әлеуметтік көмекке ерекше мән берген болатын. Осыған орай, берілетің көмектің көлемі артты. Қазіргі таңда Ақтауда 5830 көпбалалы ана тіркелген. Оның 1418-і «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иегерлері. Олардың орталыққа келіп, қажетті көмекті алуына мұнда барлық жағдай жасалған», - деді Нұрдәулет Қилыбай.
Шара соңында орталықтың құрылуына тікелей атсалысқан, ұзақ жылдар мемлекеттік қызметте болып, оның ішінде мәдениет саласының өркендеуіне үлес қосқан және Ақтау қаласы әкімінің орынбасары қызметінде болған Гүлжазира Алдашева Тасеменқызы еске алынып, өмірі туралы түсірілген деректі фильм көрсетілді.