Өңірімізде 141 орта білім беретін мектепте 158 мыңға жуық оқушы білім алып жатыр. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады
1 қыркүйекте 3 мемлекеттік, 4 жекеменшік мектеп іске қосылды. Облыстағы карантиндік шектеулерге сәйкес, бірінші сынып оқушыларына арнап кезекші сыныптар ашылып, онда 14 мыңнан астам бала білім алып жатыр. Ал 2-11 сыныптардың оқушылары қашықтан оқытылып жатыр.
Жаңа оқу жылы қарсаңында жүргізілген талдауларға сәйкес, оқушылардың 22,6%-ы немесе 35 829 оқушылардың компьютерлік құрылғылары болған жоқ. Осыған орай жергілікті бюджет есебінен 8 100 компьютерлер, республикалық бюджеттен 22 541 компьютерлер сатып алуға қаржы бөлінді.
Бұдан басқа өңірдегі қашықтан оқыту платформасының жұмысына кедергі келтірмеу үшін 4 серверлік құрылғы мен 14 мыңнан астам отбасының интернетке қолжетімділігін арттыру үшін роутерлер сатып алынды.
Бүгінгі таңда сатып алынған 10 446 компьютерлер, 14 244 роутерлер, мектеп баланстарындағы 5 188 компьютерлермен бірге оқушыларға таратылып берілді. Бұл мақсаттарға жергілікті бюджеттен 1 194 млн теңге, ҚР Үкіметіне жедел шығындарға арналған резервінен 3 491 млн теңге, қала мектептеріне жан басына шаққандағы қаржыландыру механизмін енгізу аясында 311 млн теңге, барлығы 4 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді.
Қазіргі таңда оқушылар толықтай компьютерлермен қамтамасыз етілді. Қыркүйек айының соңына дейін тағы республикалық бюджет есебінен алынатын 20 195 компьютерлік құрылғылар өңірге жеткізіледі. Бұл компьютерлер қажеттілікке қарай оқушыларға берілетін болады. Осылайша, өңір оқушылары үй жағдайында оқу үшін толықтай компьютерлермен, интернетпен қамтамасыз етіледі.