Маңғыстау облысында жыл басынан бері 25,4 мың жұмыс орны құрылды. Оның 72,3 пайызы тұрақты жұмыс орындары. Бұл туралы Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының міндетін атқарушы Асет Шопанов мәлімдеді. Жыл басынан бері «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасына 20 мың адам қатысушы ретінде танылды. Бұл туралы Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Аталған бағдарлама шеңберінде 902 млн теңгеге 189 адамға шағын несие, 588 адамға мемлекеттік грант берілді. «Бастау Бизнес» жобасы аясында 1 мың адам кәсіпкерлік негіздеріне оқытумен қамтылды. Қыркүйек айынан бастап 1,5 мың адам кәсіптік және техникалық оқу және қысқа мерзімді кәсіптік оқумен қамтылып бастады. Сонымен қатар, осы бағдарлама шеңберінде субсидияланатын жұмыс орындарына 6,6 мың адам жолданды. Оның ішінде 674 адам әлеуметтік жұмыс орындарына, 1 468 адам жастар тәжірибесіне және 4 448 адам ақылы қоғамдық жұмыстарға жолданды.
Жыл басынан бері қалалық және аудандық жұмыспен қамту орталықтары арқылы 13 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылды немесе бағдарламаға қатысушылардың 65 пайызы. Оның ішінде тұрақты жұмыс орындарына 6,2 мың адам орналастырылды.