Күз келісімен алдағы қысқа дайындық басталады. Үй ішін жылыту үшін электр тогын немесе газ қондырғыларын пайдаланатындар бар. Мұндайда тұрғын үй секторында өрт және газдан уланудың алдын алу үшін Маңғыстау облысының төтенше жағдайлар департаменті тұрғын үй секторында өрт қауіпсіздігі айлығын өткізіп жатыр.
- Рейдтердің басты мақсаты – тұрғындарды өрт қауіпсіздігі қағидаларын бұзушылықты болдырмауға және түсіністік танытуға шақыру, электр желілерін жүктеуге, электр құрылғыларын және газ қондырғыларын қолдану кезінде өрт қауіпсіздігі қағидаларын бұзуға жол бермеуді түсіндіру, - дейді департаменттің баспасөз хатшысы Гүлнар Ходжабекова. - Рейд барысында пешпен жылыту қолданылатын жеке үйлердің иелеріне ерекше көңіл бөлінеді. Қатты отынмен жағылатын пештер өрт қауіпсіздігі ережелері бұзылған кезде өрт шығуға себеп болады. Оны статистикаға сүйеніп айтуға да болады. Мамандар үй иелеріне тұрмыстағы өрт қауіпсіздігін сақтаудың, оның ішінде отты қолдану, электр құрылғыларын қолдану, электр қондырғылары монтажын және пешті орнату кезіндегі қағидаларды еске салады. Үй иелерімен әнгімелесу барысында өрт сөндірушілер үйді өрттен қалай қорғауға, оның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және жеке адамдар мен мүліктің зақымдануына жол бермеуге болатынын түсіндіреді.
Г. Ходжабекова ұсынған мәлімет бойынша тамыз айынан бастап департаменттің зілзалалар қауіп-қатерін азайту және азаматтық қорғау саласындағы бақылау басқармасының қызметкерлері «Қазақстан еріктілер лигасы» еріктілерімен бірге 4 658 үйді аралап, 8 мыңнан астам адамды қамтыған. Профилактикалық шаралар барысында халықтың әлеуметтік осал топтарына, яғни көп балалы отбасыларға, зейнеткерлерге, жетімдер мен мүгедектерге ерекше көңіл бөлінді. Сондай-ақ азаматтарға өрт қауіпсіздігі ережелері түсіндіріліп, өрт тақырыптары бойынша анықтамалықтар ұсынылды.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА.