Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселесіне ерекше назар аударылды. Онда Президент жемқорлыққа апаратын факторларды анықтау үшін мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектордың нормативтік актілері мен жұмыс үдерісіне жемқорлыққа қарсы күрес тұрғысынан арнайы талдау жүргізу керегін атап өтті. Бұл әрекеттер жемқорлықтың алдын алудағы жұмыстардың жүйелі сипатқа ие болғанын көрсетеді.
Сондай-ақ, Президент Жолдауында мемлекеттік органдардың, квазимемлекеттік сектордың қоғам алдындағы ашықтығын және есептілігін қамтамасыз ету үшін «Қоғамдық бақылау» туралы заң қабылдауды тапсырды. Бұл өз кезегінде, әрбір қазақстандық азаматтың Қоғамдық кеңестерге мүше болып, мәселелі сұрақтарын ортаға салуға және оларды шешу жолында өз үлесі мен үнін қосуға берілген мүмкіндік деп қарауға болады.
Сонымен бірге ашықтық пен жариялылықты қамтамасыз ету мақсатында қоғамның әрбір мүшесі бюджет қаражатын бақылау мен олардың жұмсалуы туралы деректерді көре алады. Бұл орайда, Агенттіктің «Ашық бюджеттердің интерактивті картасы» жобасы іске қосылған болатын. Бүгінде Маңғыстау өңірі бойынша мемлекеттік мекемелер бюджеттерін жариялап, ашықтықты қамтамасыз ету үшін жұмыстанып жатыр. Қазіргі кезде осы сынды бүкіл деректердің қоғамға қолжетімді болуы маңызды болып отыр.
Айта кетейік, 2021 жылдан бастап мемлекеттік қызметшілердің, депутаттардың және судьялардың шетел банктерінде есепшотқа ие болуы, бағалы заттар сақтауына қатысты жемқорлықпен күрес аясында жаңа шектеулер енгізілетін болады. Мемлекеттік қызметшілер мен квазимемлекеттік мекеме басшысының қос азаматтығы анықталған жағдайда олар қызметінен босатылады.
Сонымен қатар құқық қорғау органдары қызметкерлерінің, судьялардың, пара берушілердің және парақорлыққа делдал болғандардың сыбайлас жемқорлығы үшін жазаны қатайту тұрғысынан Қылмыстық кодекске өзгерістер енгізілетін болады.
Сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыс жасағандарға шартты түрде мерзімінен бұрын босату шарасы қолданылмайды. Сондай-ақ, сыбайлас жемқорлық деректері туралы хабарлаған адамдар заң жүзінде қорғайтын жүйе қалыптасады. Қазіргі кезде де Агенттікке сыбайлас жемқорлық фактісі туралы хабарлаған тұлғалар туралы құпиялылық сақталып отыр және оларды көтермелеу шаралары жүргізіліп келеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында айтылған барлық бастамаларды қолдай отырып, сыбайлас жемқорлық фактілерін алдын алу бойынша жұмыстар нәтижелі болуы үшін елдің барлық азаматы әділдік құндылығын алдыңғы орынға қойып, адал қызмет етуі керек деп есептеймін.
БОЛАТ ЖЫЛҚЫБАЕВ,
ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің басшысы