Б. тұтыну кооперативін құрып, өзін басшы ретінде тағайындап, қаламыздың көптеген тұрғындарына арзан пәтер алу мүмкіндігі бар деп сендіріп, кооперативке мүше ретінде кіруге ұсыныс жасаған. Бұл ұсынысқа жүзден аса адамдар баспаналы боламыз деген үмітпен қуана-қуана келіскен. Бұл туралы Ақтау қаласының №2 сотының баспасөз қызметі хабарлады.
Ол жақын арада барлықтарыңыз баспаналы боласыздар деп уәде беріп, барлығына келісімшартқа қол қойдырып, бастапқы жарналарын толықтай төлетіп алған. Бірақ, салымшылардың кооператив шотына төлеген миллиондаған ақшаларының тек бір бөлігі ғана пәтер алуға аударылып, басым бөлігін кооператив басшысы шоттан шешіп алып, өз бетінше көлік, пәтер т.б. заттар алуға жұмсаған.
Ол аздай салымшылар құрылысшы мекемеден, салынып жатқан пәтерлердің кооператив басшысы айтқандай арзан еместігін, керісінше айтарлықтай қымбат екенін білген, яғни, кооператив пен салымшылардың арасындағы келісім көзбояушылық болып табылады. Соңында ақшадан да, пәтерден де айрылып қалмас үшін салымшылар бағасы анағұрлым қымбат болса да құрылысшы мекеменің өзімен тікелей келісімшартқа отыруға мәжбүр болған.
Салымшылар ақшаларын қайтарып алу үшін кооператив басшысына бірнеше рет жолыққан, бірақ ол ақшаны қайтарудан үзілді-кесілді бас тартып, содан олар еріксіз сотқа жүгінуге мәжбүр болған. Сот іс бойынша барлық құжаттар мен дәлелдемелерді зерттей келе, кооперативті салымшылардың ақшасын қайтаруды міндеттеді.
Сот шешімі заңды күшіне енді.