Көліктегі Бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Сәдуақас Байғабылов қазақстандықтарды ұшақ бортында әлеуметтік қашықтық пен маска режимін сақтауға шақырып, тәртіп бұзушыларға айыппұл салынатынын еске салды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Отандық және шетелдік әуе компаниялары ұшақтарда қауіпсіздік жүйесінің толық сақталуына мүдделі. Алайда, қазақстандық азаматтар ұшақ бортында карантин талаптарын сақтамай, сол арқылы қауіпті жағдайдың орын алуына жол беріп отыр.
Мысалы, бүгін әуе кемесінің бортына мінерде маска тағудан бас тартқан екі жолаушы 30 АЕК (83 340 теңге) көлемінде айыппұл төлеу түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Сондай-ақ, ауру жұқтыру қаупі әуе кемесінің ішінде, жолаушылардың салоннан тезірек түсу үшін кезекке тұратын кезде орнауы мүмкін. Негізінен, әлеуметтік қашықтық тіркеу кезінде, ұшаққа мінерде сақталып, ұшақ бортында сақталмайды. Шетелдік әуе кемесінде жолаушылар ұшақтан шығу кезегін сақтап отырады.
Біздің еліміздің тұрғындарынан жолаушылардың ұшақ бортында әлеуметтік қашықтықты сақтамайтынына байланысты көп шағым түседі. Осы аптада ұшақтан шығу кезінде әлеуметтік қашықтықты сақтамайтын жолаушыларға айыппұл салу күшейтіледі.