Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмов Ақтау қаласындағы бірқатар әлеуметтік нысандарға барды. Аймақ басшысы 16 және 19 шағынаудандарын аралап, тікелей эфир кезінде көтерілген тұрғындардың мәселелерімен танысты. Бұл туралы Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Облыс әкімі бастаған жұмыс тобы алдымен 19 шағынауданында болды. Тұрғындар тарапынан айтылған бес қабатты ғимарат бірнеше жыл бойы аяқталмаған күйде тұрып қалған. Өңір басшысы жауапты тұлғаларға осы нысанның жобалық сметалық құжаттарын қайта қарауды тапсырды. Ал тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ғимарат аумағын қоршауға алып, күзет пунктін орнату керегін ескертті. Сонымен қатар, шағынауданға жол салу үшін құжаттар дайындап, абаттандыруға ерекше назар аудару қажет деді.
Одан әрі өңір басшысы 16 шағынаудандағы «Жеңіс» тұрғын үй кешеніне барды. Тікелей эфир кезінде әкімге тұрғындар тарапынан №42,№43,№43/1,№43/2,43/3 үйлерде екі жылға жуық газ бен жылудың жоқтығы, оған қоса электр қуатының әлсіздігі туралы шағым түскен. Мән жайға қанық болған аймақ басшысы Ақтау қаласының әкімі Нұрләулет Қилыбай және басқа да жауапты тұлғаларға жылыту маусымы басталғанға дейін тұрғын үйлерге газ қосып беруді тапсырды. Ал, электр қуаты бойынша қазіргі күні мәселе жоқ деді мамандар. Бұл аталған проблема облыс әкімі Серікбай Трұмовтың жеке бақылауында болады.