Облыс әкімі Серікбай Трұмовтың төрағалығымен короновирустық инфекцияның таралуына жол бермеу және алдын алу бойынша атқарылып жатқан шаралар туралы жедел штаб отырысы өтті. Бұл туралы Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Күн тәртібінде маңызды жеті мәселе қаралды: денсаулық сақтау саласының дамуы, денсаулық сақтау ұйымдарын дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету және дәріхана желілерінде дәрі-дәрмек қорын қалыптастыру барысы, фармацевтикалық қызметтің қазіргі ахуалы, жедел жәрдем қызметінің жұмысы, қала мен аудандардағы денсаулық сақтау объектілерінің жұмысы және оларды күзгі кезеңге дайындық жұмыстары.
Жиында баяндама жасаған облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Жамал Жаманбаева: "Маңғыстау облысы күз-қыс айларында КВИ қайта өршіген жағдайда инфекциялық, провизорлық ем шара орындары емделушілерді қабылдауға дайын. Бүгінгі күні өңірде 2719 орындық 17 аурухана мен 62 орындық амбулаториялық емхана ем алушыларды қабылдауға қажетті мүмкіндіктер қарастырылған. 2020 жылдың 7 айында аймаққа 66 жас мамандар тартылған. Алайда, әлі де кадр жетіспеушілігі байқалады. Жалпы практика дәрігерлері, кардиолог, нейрохирург, акушер-гинеколог, анестезиолог-реаниматолог, неонатолог, онколог, клиникалық фармаколог, инфекцианист, сәулелік диагностика дәрігерлері, физиотерапевт, психиатрлар (наркологтар) офтальмолог және отоларинголог мамандары қажет" екенін атап өтті.
Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департамент басшысының орынбасары Ринат Кұбатаев облыстағы дәріхана желілерінде дәрі-дәрмек қоры жеткілікті екенін жеткізді. Бетперде мен залалсыздандыру құралдарына да тапшылық жоқ.
Жедел жәрдем стансалары да облыс тұрғындарына қызмет етуге дайын. Арнайы көліктер сан түрлі медицина саласы бойынша түрлі жабдықтармен әрі қажетті дәрі-дәрмектермен қамтылған. Бүгінде станцияда барлығы 35 ИВЛ аппараты, 56 пульсоксиметрия, 29 тепловизор аппараттары бар.
Жиын барысында облыс әкімі С. Трұмов өңірдегі қауіпсіздік шараларды одан әрі күшейтуді тапсырды. Қала дәріханаларында бетперде мен залалсыздандыру құралдарының, дәрі -дәрмектің тапшылығын болдырмауды, бағаларын негізсіз өсуіне жол бермеуді, сондай-ақ нұсқаулыққа сәйкес санитарлық талаптардың сақталуын тапсырды.