Мектептердегі медициналық кабинеттердің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету қажет. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Жаңа оқу жылы алғаш рет ерекше форматта басталғалы отыр. Жалпы, жағдай тұрақталды. Бүгінде вируспен күреске барлығы жұмылдырылған. Шешімдер жедел режимде қабылданып жатыр. Барлық қажетті шаралар қабылданып, дәрі-дәрмек, төсек-орын қоры жасақталды. Төсек орын жүктемесі 95-96 пайыздан 19 пайызға дейін, реанимациялық төсекорын 91 пайыздан 24 пайызға дейін төмендеді. Бірақ, науқастанып қалу тәуекелі әлі де сақталып отырғандығын атап өткім келеді. Еуропаның бірқатар елінде қайта өршу байқалады. Күн тәртібінде балалардың қауіпсіздігі мәселесі тұратындығы сөзсіз. Балаларды штаттық режимде оқытуға қатысты түрлі ұсыныстар түсіп жатыр. Егер балалармен бірдеңе болып қалса, бізді ешкім кешірмейді. Мектептер мен балабақшалар айрықша бақылау нысанына айналуы тиіс. Оқу процесіне жұмылдырылған барлық тұлға балалардың денсаулығы үшін дербес жауап береді. Біздің бірлесіп шешуіміз қажет белгілі бір мәселелер де бар», - деді Ералы Тоғжанов педагогтар мен білім және ғылым саласы қызметкерлерінің республикалық тамыз кеңесі барысында.
Сонымен қатар ол балалардың жаңа оқу жылын қалай бастауына қатысты барлық мән-жайды жіті ойластыру қажеттігін атап өтті. Адамдардың жиналуына жол бермеу қажеттігін қатаң ескертті.
«Мектептерде залалсыздандыру құралдарын пайдалана отырып, тыңғылықты тазалық жұмыстарын жүргізу қажет. Әрбір сыныпта дайындық актісі болуы тиіс. Ғимаратқа кіре берісте сүзгі ұйымдастырып, тепловизорлар , дезинфекциялық өткелдер орнатып, аяқ киімге арналған кілемшелер төсеу керек. Мектептерде дезинфекциялық режимді күшейтіп, өзіңмен бірге маска алып жүру керек. Әрбір сыныпқа жеке оқу кабинеті бекітілуі тиіс. Балалар бір сыныптан екіншісіне көшіп жүрмеуі тиіс. Мектептердегі медициналық кабинеттердің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету қажет», - деді Үкімет басшысының орынбасары.
Ералы Тоғжанов жаңа оқуға дайындық жұмыстары әлсіз жүргізіліп жатқан өңірлердің де бар екендігін баса айтты.
«Бірнеше ғана күн қалды. Ал балаларымызда компьютер әлі жоқ. Мектептерде педагогтар жетіспейді. Білім беру басқармаларының әрбір басшысына оқу жылының басталуына дайындық бойынша жедел шаралар қабылдауды тапсырамын. Бұл әрбірінің жауапкершілігі», - деді Премьер-Министрдің орынбасары.