Бүгін қалалық санитарлық қызмет мамандары, әкімдік және БАҚ өкілдерінен құралған мобильді топ «Ақтау Риксос» курорттық аймағының санитарлық нормаларын тексерді. Жоспарлы тексеруге қонақ үйінің аумағындағы мейрамхана, кафелер, қоғамдық тамақтану орындары, сондай-ақ бассейндер мен оған іргелес аумақтар кірді. Жұмыс барысында «Ақтау Риксос» қызметкерлеріне сақтық шараларын ұстану бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Курорт өкілдері санитарлық нормаларды сақтау үшін барлық қауіпсіздік шараларын орындап жатқанын жеткізді.
Серік Исағалиев, қонақ үй менеджері:
«Бізде тексеру жұмыстары қонақтар әуежайға келген сәттен басталады. «Ресепшн деск» жұмыс істейді. Мамандар келген қонақтардың жағдайын тепловизормен қарайды. Темперетурасын өлшеп, содан кейін қонақ үй көлігіне отырғызып қонақ үйге жеткізеді. Онда біз бірден маскалар, санитайзерлер таратамыз. Әрине, қашықтық сақталады. Қонақ үйге кіреберісте қонақтар қайтадан тепловизорлармен тексеріледі. Әрі қарай багаж дезинфекцияланып, содан кейін ғана бөлмеге жіберіледі. Бөлмелерге келетін болсақ, үнемі дезинфекция жасалады. Мейрамханалар мен барларда барлық нормалар қатаң сақталады. Біздің қонақ үйде арнайы санитарлық дәрігер бар. Кез келген ауру белгілері пайда болған кезде біз жедел жәрдем шақырамыз. Біз барлық санитарлық талаптарды қатаң сақтаймыз және қонақтарымыздың қауіпсіздігін қадағалаймыз".
Асима Жарылғасова, Ақтау қаласы тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының басшысы:
"Бүгін әкімдік, санитарлық қызмет өкілдері, полиция және баспасөз қызметкерлері бар мобильді топ "Риксос" қонақ үйіне карантин режимі мен дезинфекциялық режимнің сақталуына рейдтік тексеру жүргізді. Қонақүй басшылығына санитарлық талаптарды сақтау, сондай-ақ бақылау мен қадағалауды жүзеге асыру кезінде субъектінің құқықтары мен міндеттері туралы түсініктемелер берілді".
Айта кетейік, жақында Rixos» қонақүйін тексеруге барған мониторингтік топ үш рет ішке кіре алмағанын айтқан болатын.