Жаңа оқу жылында Қарақия ауданы Жетібай ауылында үш ауысымдық мектептердің мәселесін шешу мақсатында 300 орындық №9 бастауыш мектебі мен 250 орындық «Оқушылар орталығы» ашылады деп жоспарланған. Бұл туралы Қарақия аудандық білім бөлімінің басшысы Қалбибі Беккалина айтты. Оның айтуынша, жаңа мектеп пен орталық ашылғаннан кейін 50-ге жуық маманды жұмыспен қамту жоспарланған.
«Балалардың бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында ашылатын орталықта 6 бағытта 12 үйірме болады. Орталықтың өзіне тән ерекшелігі бар. Ұлттық құндылықты насихаттау мақсатында арнайы «Ағаш және тері бұйымдарымен жұмыс» үйірмесі ашылады. Оқушылар орталығы 1-11 сынып оқушыларын қабылдайды. Оқу тегін жүргізіледі. Оқушыларды ауданның үздік ұстаздары Тауасаров Қуанғали мен облыстық, республикалық «Үздік қолөнер» сайыстарының жүлдегері Елбаев Нұрхат Тұрланұлы үйретеді», деді ол.