Жаңаөзенде үйінде үйлену той жасаған тұрғын әкімшілік жауапқа тартылды. Бұл туралы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлайды.
Карантин тәртібіне бағынбай 40 адамды жабық нысанға жинағаны үшін кінәлі тұлға енді айыппұл төлейді. Полицейлер той иесіне хаттама толтырып, жинақталған деректерді өңірлік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаментіне жолдаған.
"Үй ауласына жиналған көпшілікті полиция қызметкерлері тарқатты. Жалпы Жаңаөзен қаласының тұрғындары карантин тәртібін бұзуын тоқтатар емес. Той жасаған азаматқа ҚР әкімшілік-құқық бұзушылық туралы Кодексінің 425-ші бабы бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылды. Тойға шақырылған көпшілікке шектеу шараларын сақтау бойынша түсіндіру жұмыстары жалғасып жатыр", деді облыстық полиция департаменті ішкі және сыртқы комуникациялар бөлімі басшының міндетін атқарушы Әйгерім Ибадуллаева.