Бүгін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмовпен телефон арқылы сөйлесті. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Аймақ басшысы алдымен санитарлық-эпидемиологиялық ахуал жайында және карантиндік шараларды іске асыру бағыты бойынша баяндады. Өңірде коронавируспен 2743 адам тіркелген. Соңғы тәулікте 44 жағдай анықталып, аурудың тәуліктегі өсу қарқыны 1,6% құрады. Емделіп шыққандар – 1898 адам немесе 70,3% құрап отыр. Қазіргі күні пневмониямен емделіп жатқан науқастардың саны 657 адам. Шілде айының ортасында ауырғандар 1431 адамға дейін жеткен. Яғни науқастардың саны бүгінде 56%-ға төмендеді. Емделушілердің қатары азайып, Ақтау қаласындағы №1 провизорлық стационар жабылды. Жедел-жәрдем шақыртулардың саны 45% - ға төмендеді, оның ішінде пневмония бойынша шамамен 3 есеге азайды. Республикалық көлемде қабылданған карантиндік шаралардың нәтижесінде облыстағы жағдай тұрақталып келеді.
Президент ахуалды қатаң бақылауда ұстап, аталған міндетке басым бағыт ретінде мән беруді тапсырды. Бұл ретте карантин шараларын сақтаудың маңызды екені және халыққа түсіндіру жұмыстарын белсенді түрде жүргізе беру керектігі айтылды.