«Ауыл - ел бесігі» бағдарламасы аясында Маңғыстау ауданында орталық кітапхана салынып жатыр. Бұл туралы Маңғыстау ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлайды.
Жаңа нысанның құрылыс жұмыстары өткен жылдың соңында басталған. Мердігер «Нұрболат» ЖШС құрылыс жұмыстарына жергілікті тұрғындардан 10 адам тартылған.
«Жалпы құны 190 млн 397 мың теңге. 2019 жылы республикалық бюджеттен 38 млн 956 мың теңге, жергілікті бюджеттен 1 млн теңге бөлініп, игерілген. 2020 жылы республикалық бюджеттен 134 млн 879 мың теңге, жергілікті бюджеттен 15 млн 511 мың теңгеге келісім шарт жасалған. Қазіргі таңда республикалық бюджеттен бөлінген қаржыдан 65 млн теңге игерілген», - деді аудандық мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Маржан Дуланова
Кітапхана екі қабатты ғимарат, жалпы ауданы 966,7 шаршы метр. Кітапхананың сыйымдылығы 50 мыңнан астам кітап қорын қамтиды. 50 оқырманға арналған оқу залы бар. Жаңа ғимараттың 1 қабатында директор мен қызметкерлерге арналған екі кабинет, өңдеу және толықтыру бөліміне арналған бөлме, кітап қорын сақтау бөлмесі мен оқырман қабылдау залы, архив бөлмесі, күзет бөлмесі, санузелдер бар. Екінші қабатында Коворкинг залы, оқу залы және орталық кітапхананың кітап қорын сақтау бөлмесі болады. Қазіргі таңда кітапхананың төбесі жабылып жатыр, желтоқсан айында пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр.
«Құрылыс жұмысы толықтай аяқталған соң орталық кітапханаға қоса балалар кітапханасын жаңа ғимаратқа көшіру жоспарланып отыр. Балалар кітапханасы орналасқан уақытта тағы да сыйымдылығы 25 оқырманға арналған оқу залы және қазірдің өзінде 17000 кітап қорына арналған зал жабдықталуы тиіс. Жаңа кітапхананың ішіне «Коворкинг орталығы» ашылатын болады. Яғни кітапхана тек рухани қызмет көрсету мекемесі емес, ауыл тұрғындары үшін зияткерлік демалыс орнына айналатын болады. Сонымен қатар, қазақи нақыштағы өлкетану әдебиеттерінің бөлімін ашу жоспарымызда бар», деді Маржан Дуланова.
Айта кетейік, аудан орталығында орналасқан аудандық орталық кітапхананың негізі 1980 жылдары қаланған, ғимараты ескі және бастапқыда тұрғын үй есебінде салынғандықтан бөлмелері тар болатын.